Маңғыстауда 9 жыл бұрын басталған тас жолдың құрылысы әлі аяқталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда 9 жыл бұрын басталған тас жолдың құрылысы әлі аяқталмаған

29.06.2022

Маңғыстау облысында 9 жыл бұрын басталған Шетпе-Қызан тас жолының құрылысы әлі күнге аяқталған жоқ. Салдарынан шалғайдағы тұрғындардың аудан орталығына жетуі мұң болған. Ал, мердігер компания басшылығы жобаның осынша ұзаққа созылуына республикалық бюджеттен қаражаттың уақытылы бөлінбеуі себеп дейді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қызан ауылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді-мекен. Ара қашықтық 110 шақырым. Тұрғындар әлі күнге дейін жолдың азабын тартып отыр. Айтуларынша, әсіресе жауын-шашынды күндері мына жолмен жүру мүмкін болмай қалады.

Қызан ауылының тұрғыны Алтынғали Иманбаев аудан орталығы Шетпе кентіне аптасына кем дегенде 3 рет барады. Жолсызбен жүргендіктен көлігі жиі сынады. Айтуынша, қалың шаңнан көліктер бір-бірін байқамай, бірнеше рет жол апаты да болған.

Алтынғали Иманбаев, ауыл тұрғыны:

Жол жоқ. Әнеукүні жаңбыр жаумай-жаумай тұрып жауып еді, машиндер батып, далада қалып, 25 км-ге жете алмай халық далада қалды. Далада қонды бүткіл бала-шағасымен. Бітеді-бітеді дейді бұл бітіп жатқан жол жоқ әзір. 24 тің аяғына дейін дейді. 24 тің аяғына дейін өлетін шығармыз қырылып мына жерде жол жоқ.

Ауылдықтардың негізгі бас ауруы-жол. Сондықтан олар қалған 25 шақырымды тезірек аяқтап беруді сұрайды.

Ақмырза Масатов, ауыл тұрғыны:

Көліктеріміз барған сайын аяғымыз жарылады. Қыс мезгілінде қар болып боран, талай жолда қалып балшыққа батып.

Шетпе-Қызан тас жолының құрылысы басталғанына 9 жыл болды. Алғашқы бөлігі 2014 -16 жылдары салынған. Ал, екінші кезең 2018-жылы басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оны толық аяқтау үшін, әлі 61 млн теңгедей қаржы қажет. Қазір жолдың 3-ші кезеңі салынып жатыр.

Рахат Алмамедов, мердігер мекеменің өкілі:

Мәселе ақшада болып тұр. қаражат бөлінген жағдайда уақытында бөліп, уақытында жіберсе, біздер осы жылға дейін де жұмысты бітіріп, ауылға дейін асфальтті тартып беруімізді жоспарлаймыз. Дайын отыр қазір мекемеміз.

Жолдың 3-ші бөлігі-25 шақырымды құрайды. Құрылысы аяқталса, ауылдықтар су жаңа асфальттің қызығын көрер еді. Алайда, там-тұмдап бөлінген бюджет қаржысы қолбайлау болып отыр.

Талғат Қыланов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:

25 шақырым жол 3 млрд 249 млн теңге ақша бірден бере салуға бюджет көтеріп тұрған жоқ. Өткен жылы 21 де 375 млн бөлінсе, 22 де 516 млн бөлінді. Қазір тағы 500 млн бөліп жатыр деп жатыр. Бірақ, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуде.

Жолдың құрылысы аяқталмай жатып, асфальт төселген аумақтан ақау шыққан. Бірнеше жерден сынама алынды. Мердігер мекеменің өкілі тұрғындардың жайын ойлап жолды мерзімінен ерте қолданысқа бергенін айтады. Ал, асфальттің қыста төселуі және үстімен ауыр жүк көліктерінің жүруі оның ойылуына себеп болған. Бүлінген аумақты қайта жөндеуді мердігер өз мойнына алды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу