Алматы, Жетісу облысында оқушылардың 80 пайызы жазғы демалыспен қамтамасыз етілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы, Жетісу облысында оқушылардың 80 пайызы жазғы демалыспен қамтамасыз етілді

29.06.2022

Жуырда бөлінген Алматы және Жетісу облыстарында 354 мыңдай бала жазғы демалыспен қамтамасыз етіледі. Бұл екі өңірдегі оқушылардың 80 пайызы.

Балалар негізінен еңбек, сауықтыру және демалыс лагерьлеріне барады. Сондай-ақ жазғы мектептерде білімін жетілдіреді. Екі жыл бойы пандемия салдарынан ешқайда шыға алмаған жеткіншектердің қалай тынығып жатқанын өңірдегі тілшіміз біліп қайтты.

Тау бөктеріндегі Текелі қаласында үш балалар лагері бар. Екеуі жеке-меншік, бірі мемлекеттік. Соңғысында демалыс маусымы ашылып, бір мезетте 170 бала тынығып, саяхаттауға келді. Облыс екіге бөлінсе де, биыл екі өңірдің де жеткіншектері қамтылып отыр.

Айсұлу Тұрлығазы, демалушы:

Табиғат көріп тұрғандарыңыздай өте керемет. Біз тауға шығып келдік. Өте керемет таза ауа. Барлығы жақсы. Жаңа достар таптым. Барлығы адал, барлығы сыйлайды, рахмет.

Айдос Жекебатыр, демалушы:

Жақсы табиғатта көңілімді ашып, өзім Талдықорғанға барған соң жақсы көңіл күйде мектебіміздің сегізінші классын бастаймын.

Биыл балалар жылы болғандықтан негізгі басымдық көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, озат оқушылар мен балалар үйінің тәрбиленушілеріне беріліп отыр. Олар республикалық «Балдәурен» сауықтыру лагерьлеріне жолдама алды. Мұнан бөлек Алакөл, Балқаш көлдеріне барып тынығып қайтқандар бар

Гүлсара Исағұлова, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Барлық балаларды шамамыз келгенше облыстағы барлық өлкетану мұражайларына, біздегі демалыс аймақтарына, ұлттық парктерге саяхатқа жіберу жоспарланып, бұл да жүзеге асуда.

Екі облыс аумағындағы балалардың жазғы демалыс лагерьлерінің санитарлық талаптары қатаң тексеріліп, өрт қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Үкімет қаулысына сәйкес жекелеген санаттағы балалар демалысына 450 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу