Қызылорда облысы: Жаңғыртудан өткен аурухана жабық тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы: Жаңғыртудан өткен аурухана жабық тұр

27.06.2022

Қызылорда облысы, Арал ауданындағы шалғай ауылдар сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр. 17 мыңға жуық тұрғын ем алу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Мәселен, Қамыстыбас ауылындағы 25 орындық стационардың жабылғанына бірнеше жылдың жүзі болған. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қамыстыбас ауылындағы 25 аурухана 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бірақ, тұрғындар жаңарған емдеу орнының игілігін көріп үлгермеді. Өйткені, мемлекет қаржысына жөнделген 25 орындық стационар кейін жабылып, қазір шаң басқан күйде қаңырап бос тұр.

Шағын аурухана Қамыстыбас ауылына ғана емес, алыс-жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін де ем алуға қолайлы еді. Емдеу орнының жабылуы шалғайдағы жұрттың көңілін жабырқатып тұр. Өйткені, ауруы жанына батқан науқастардың жүздеген шақырым жолды артқа тастап, Аралға жетуінің өзі мұңға айналған.

Қарасай Тәжімбетов, ауыл тұрғыны:

Соғыстың кезінде де жұмыс істеген аурухана. Ұлы Отан соғысы кезіндеде. Мына шеті Қаратерең, Жаңақұрылыс анау Ақшатау, Шөмішкөл аржағында Аралқұмнан бермен қарай бәрі осы Қамбаштың ауруханасына барып емделетін. Енді сол ашылғанын қалаймыз. Бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды.

Қайта жаңғыртудан өткен ауруханада науқастардың жақсы жағдайда ем алуына мүмкіндік бар. Бәрі жап-жаңа күйінде сақталған. Бірақ, нысан күндізгі медициналық көмек көрсететін амбулаторияға айналды. Ал салаға жауаптылар 25 орындық стационар қазіргі заң нормаларына сәйкес жұмысын тоқтатты деп отыр.

Жангелді Шайымбетов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Денсаулық сақтау министрлігінің нормативіне сәйкес жұмыс жасалып, бүкіл республика бойынша кез келген елді мекен ол халықтың санына байланысты және де олардың перспиктивасына байланысты. Ал егерде 5 мыңнан асқан жағдайда ол жерде стационарлық аурухананың бір бөлігін ашуға мүмкіншілік бар.

Тұрғындар миллиондаған қаржыға жөнделген медициналық нысанның пайдаға аспай тұрғанына қынжылады. Ауылда түрлі сырқатпен есепте тұрған науқастар жылдан жылға көбейіп барады. «Жаңа Қазақстан» ұранына үмітпен қараған аралдықтар Ата заңдағы оң өзгерістер секілді денсаулық сақтау саласының құқықтық нормалары да қайта қаралса деген үмітте.

Амангелді Бейсембаев, Қамыстыбас ауылының тұрғыны:

Қамбаш халқының жағдайын ескере отырып аурухананың, 17-19 мың тұратын халықтың Аралға дейінгі екі ортадағы жағдайын ескере отырып, мына 25 орындық аурухананы ашып берсе дейміз.

Шалғайдағы елді мекен тұрғындары жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырып, аурухана мәселесін талай көтергенімен одан оң нәтиже шықпай тұр. Жергілікті жұрт «еститін Үкімет аралдықтардың базынасына құлақ асса» дейді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу