Украинада зымыран соққысынан қаза тапқандар саны 20-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада зымыран соққысынан қаза тапқандар саны 20-ға жетті

28.06.2022

Украинаның Кременчуг қаласындағы сауда орталығында зымыран соққысынан қаза тапқандар саны 20-ға жетті. 59 адам жараланған. Президент кеңсесі жетекшілігінің мәлімдеуінше, жоғалғандардың туыстарынан 40-тан астам өтініш түскен. Президент Владимир Зеленский ракета тигенде, ғимарат ішінде мың шақты адам жүрген деп мәлімдеді. Болжамдарға қарағанда, құрбандар саны өсуі мүмкін. Оқиға орнында жүздеген құтқарушы, ұлттық гвардия, полиция қызметкері, еріктілер жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, Мәскеу Украинада «бейбіт халық пен азаматтық нысандарды көздеді» деген мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Ресей аэроғарыш күштері дәлдеп тиетін қарумен АҚШ пен Еуропа елдерінен жеткен қару-жарақ қоймаларына соққы берді. Оның салдарынан жақын маңда жұмыс істемей тұрған сауда орталығында өрт тұтанды.

G-7 Украинаны соңына дейін қолдауға уәде берді

Ал Германияда бас қосып жатқан «Үлкен жетілік» тобы бұл оқиғаны «әскери қылмыс» деп айыптады. Олар Украинаны қарулы қақтығыстың соңына дейін қолдауға уәде берді. Мұндай мәлімдемені Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония,Ұлыбритания, АҚШ пен Еуропа одағы лидерлері Германияда өтіп жатқан саммитте мәлімдеді. Ал, Украина жетекшісі Владимир Зеленский видеобайланысқа шығып, дүниенің ең бай елдерін Украинаға ауыр қару беруді жалғастыруға шақырды. «Біз Украинамен қанша қажет болса, сонша бірге боламыз», - дейді «Жетілік» басшылары.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

Украинаға Ресейдің басқыншылығына қарсы тұру үшін бірлесе қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Өте қатаң шешімдер қабылдап жатырмыз. Украинаны қажетінше қолдай отырып, Ресей мен НАТО арасында ірі жанжалға жол бермеу керек. Бастан өткеріп жатқан кезеңнің қажеттіліктерін ескерген абзал.

Сонымен қатар, саммитке қатысушылар Ресейді Украина порттарындағы астықтың жолын бөгеуді тоқтатуға шақырды. Айта кетсек, бүгінде Украинадан ондаған миллион тонна бидай әлемдік нарыққа шыға алмай, бірқатар елдерге аштық қаупі төніп тұр. «Үлкен жетілік» азық-түлік тапшылығынмен күреске қосымша жарым миллиард доллар бөлуге келісті.


Хабарламаларға жазылу