Президент инвесторларға бейнеүндеу жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент инвесторларға бейнеүндеу жолдады

28.06.2022

Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін халықаралық логистика ережелерін әртараптандыру маңызды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаржы күндері форумы аясында инвесторларға бейне үндеу жолдап, еліміздің көлік-логистикасын дамытуға шақырды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымдарын жаңғырту, теңіз флотын күшейту жоспарланып отыр. Ол үшін Әзербайжан, Грузия, Түркия тәрізді серіктестермен бірге тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алдағы уақытта қазақ мұнайы Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы экспортталмақ. Әрине мұны жүзеге асыру үшін, инвесторлардың көмегі қажет.

Сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу де маңызды міндеттердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ол үшін біз барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған көпвекторлы және тепе-теңдікке негізделген сыртқы саясатты ұстанамыз. Осылайша, Қазақстан өңірдегі жетекші инвестициялық серіктеске айналмақ. Бұған қоса біздің ауыл шаруашылығында, отын және энергия, көлік және логистика, азық-түлік саласында әлеуетіміз зор.  

Криптавалюта нарығын заңдастырып, бір жүйеге келтіру қажет. Халықаралық конференция аясында сарапшылар крипта биржаның дамуына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Өйткені, мүлдем реттелмейтін биржалар нарықтан жойылып кету қаупі бар. Ал саланың мүмкіндіктері мен пайдасы көп.

Жиында, инвестиция тарту мәселелері, Орталық Азиядағы қаржы қызметінің дамуы, Еуропалық Одақ және Қазақстан қарым-қатынасы, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері, макроэкономикалық болжам, технология тақырыптары талқыға түсті. 

Талғат Досанов, «Biteeu» криптабиржа компаниясының бас директоры:

Әлемде бұл саланы реттеуге қатысты сұрақ көп. Астана халықаралық қаржы орталығы қазір министрлікпен бірлесіп осы мәселені шешу жолын қарастырып жатыр. Мүлдем реттелмейтін биржалар түбі жойылып кетеді. Сондықтан жүйелеу керек. Реттеуге қатысты біраз қиындықтар, қателіктер болуы мүмкін. Ол қалыпты жағдай. Дегенмен, сол кезеңдерден сүрінбей өтсек, біз Еуразиядағы Криптахаб орталыққа айналуымыз мүмкін.  

Хабарламаларға жазылу