Алматыдағы Көлсай ықшамауданының тұрғындары дәл үйлерінің жанынан құрылыс жұмыстарының басталғанына наразы. Олардың айтуынша, жер телімі бұған дейін бос жатқан.
Соңғы кезде аумақ түгелдей қоршалып, ішінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бастаған. Жер бедері тегістеліп, күндіз-түні кіріп шыққан жүк көліктері әбден мазаларын алған. Оның үстіне таулы аймаққа тұрғын үй салмау мәселесі де жайына қалғанын айтады. «Күні кешеге дейін қараусыз жатқан учаскеде саябақ салына ма деп үміттенген едік», – дейді көлсайлықтар.
Динара Сейсенбаева, Көлсай ықшам ауданының тұрғыны:
Бұл жерде бұрын шұңқыр болған. Қазір оның орнын топырақпен толтырып жатыр. Мұндай жерге үй салу өте қауіпті. Сондықтан заңсыз құрылысты тоқтатып, орнына көпшілік пайдаланатын орын болса деген тілегіміз бар.
Ғабит Өмірбеков, Заңгер:
Бұл жерде көп қабатты немесе жеке үйлер салуға заң бойынша рұқсат жоқ. Қалай бүкіл ағаштарды, жасыл өсімдікті түбірімен жойып, үй салып жатқанын түсінбедім.
Осы мәселеге қатысты құрылыс компаниясының өкілдері арнамызға сұхбат беруден бас тартты. Ал әкімдік құрылыс жұмыстары қаншалықты заң талаптарына сай екенін анықтаған соң ғана ақпарат береміз дейді.