Биыл Қазақстан полициясы құрылғанына – 30 жыл. Осы аптада Президенттің қатысуымен салтанатты жиын өтті. 3 он жылдықта салаға талай реформа жүргізілді. Ең ауқымдысы әрі ең соңғысы 2019 жылы басталған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев реформаны әлі де жалғастырып, күзде жаңа пакет жарияланатынын айтты. «Өкінішке қарай, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес. Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді», - деді Президент.
Қоғамды дүрліктірген ең сорақы әрекеттердің бірі – қаңтар трагедиясынан кейінгі азаптау фактілері. «Күдіктілерге үтік басып, қорлық көрсетті» деп, 5 тәртіп сақшысы ұсталған еді. Дүйсенбі күні Бас прокуратура олардың 3-і қылмысты мойындағанын мәлімдеді. Әрине, полицейлердің бәрі «опасыз» деуден аулақпыз. Бірақ олар туралы образ қалыптасып қалғаны, форма киген адамды көрген кезде кінәсіз адамның өзі сәл сескеніп тұратыны да рас қой. Иә, қауіпке толы қызмет барысында міндетін орындап жүріп, қайтыс болған батырлар да бар. Полицияға жүктелген жүк те жеңіл емес. Тұтас қоғамның қауіпсіздігіне жауап береді. Ал адам өмірінен құнды не бар? Осындай миссияны орындап жүрген азаматтарды біз қаншалықты құрметтейміз?
Батыстың күлімдеп қарсы алатын «полисейін» мысалға келтіреміз, бірақ біздікілердің әлеуметтік жағдайын ескереміз бе? Жалақысы төмен, алайда оған қойылатын талабы таудай сақшы кейде антынан бұрын тұрмысын ойлап кететін шығар. Ақтағым келмейді, тек әр нәрсенің екі жағы бар екенін, мемлекет пен халықты бөліп жармай, осы қоғамды өзіміз қалыптастырғанымызды еске салғым келді. Оңғар Алпысбайұлының материалы.
23 маусым Қазақстан полициясы күні! Бұл күні осыдан 30 жыл бұрын яғни 1992 жылы сол кездегі Жоғары кеңес Ішкі істер органдары туралы заң қабылдады.
Оңғарбай Қуанышбаев, Полиция подполковнигі, ардагер:
Сержант милиция дейді ол кезде, сол милиционерден бастадым жұмысымды. Біздің кезімізде өте қиын болды. Техникалық база өте ескі құсқы болды. Арнайы көліктеріміз, оның бәрі ескі-құсқы болды. Біз сол кезде сонымен жұмыс істедік.
Содан бері қазақ полициясы бірнеше реформаны өткерді. Жаңа құрылғылар, заманауи технология жұмысты біраз жеңілдетті. Дегенмен, тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызметкерлердің ерлігі, табандылығы әсте екінші сатығы ысырылмайды.
2019 жылы Атырау қаласында бойжеткен қаладағы орталық көпірден суға секірмек болған. Оқиға орнына полицияның қос қызметкері Шалқар Ақымғалиев пен Рүстембек Сүндетов бірінші болып жетеді. 24 жастағы Шалқар бірден қызды құтқармаққа суға жүзіп кетеді. Алайда жағаға оралмайды. Сәл кейін Жайықтың жағасына жеткен құтқарушылар қыз баланы қайыққа отырғызып, жағаға жеткізеді. Бірақ олар Шалқардың суға кеткенін білмеген еді. Осы кезде Рүстембек Сүндетов әріптесінен айырылып қалғанын айтады.
Рүстембек Сүндетов, Полиция инспекторы:
Жағаға шыққаннан кейін, Шалқардың батып кеткеніне сене алған жоқпын. Сол сәт әліде көз алдымнан кетпейді. Шалқардың сол сәтте суға жүзіп бара жатып, артқа қарағаны әлі де көз алдымда.
Сүңгуірлер арнайы құрал-жабдықтар арқылы Жайықтың терең жерлеріне дейін барып, Шалқардың денесін табады. Артында анасы мен бауырлары қалды. Қазір оларды жұбататын бір ғана дүние бар – Шалқардың өз қызметіне адал болғаны.
2019 жылы Қарағандыда 9 қабатты үйдің шатырынан секірмек болған азаматшаны дер кезінде оқиға орнына жеткен қос полицей Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашев құтқарып қалған. 24 жасар азаматша, отбасылық жанжалдан соң өмірімен қош айтыспақ болған. Содан біреуі азаматшаның көңілін аулап сөзге тартады. Бекзат Омашев қыз отырған балконның шатырына шығып, қызды құтқарып қалады.
Ерасыл Мұрат, Полиция аға лейтенанты:
Бекзатқа қолыммен көрсетіп шақырып алдым. Сөзге айналдырып тұрдым. Әріптесім артынан түсіп, қыздың қолынан ұстап, жерге аман есен түсіріп алдық.
Иә, өзгені құтқару үшін өз өмірін бәйгеге тігу полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы, міндеті. Ел тыныштығын сақтау үшін күн сайын 15 мыңға жуық полицей мен Ұлттық ұлан сарбаздары атқа қонады.
Бауыржан Пернебеков, Нұр-Сұлтан қаласы полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторы:
Күнделікті жұмысыз әкімшілік аумақтан басталады. КСК қызметкерлеріне кіріп тұрғындардан келген арыз-шағымдар болса, арыз-шағымдарын қабылдап және де уатсап желісі арқылы бізге келіп түскен арыз-шағымдарды қарап, заңды шешім қабылдаймыз.
Бұл қаралы қаңтар. Полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында үлкен қыспаққа түскен кезеңі. Бұлғақтың соңы зор бүлікке ұшырады. Тәртіптің сақшылары да қарапайым халық та сол бүліктен оңбай зардап шекті. Аға сержант Әділет Кембаев үшін бұл күндерді еске алу оңай емес.
Әділет Кембаев, Мамандандырылған күзет қызмет басқармасының аға сержанты:
Бұл кезде қаншама бүлік болды. Сол дабыл белігіс беріліп сол біз алматы әкімшілігіне қарай бет алдық. Сол жерде қолтықтың астынан үш жерден жарақат алдым. Осы жарақат алып емделгеннен кейін бір айдай болды. Қайтадан қызметке келіп жақсы қазір қызметімді атқарып жатырмын.
Қаңтар оқиғасы қаншама отбасын қара жамылдырды. Қырғын кезінде 5 мыңға жуық адам медицина мамандарына жүгінген еді. Олардың 80 пайыздан астамы құқық қорғаушылар. Жалпы, тәуелсіздік алғалы қызмет бабында 815 полицей қаза тауып, 4,5 мыңы жараланған. Сондықтан қауіпсіздікті қамтуда бастарын қатерге тігетін сақшыларды әлеуметтік қолдау арта бермек, - деді полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі.
Иә, еңбек елеусіз қалмайды. Тәуелсіздік алғалы бері 1654 ішкі істер саласының қызметкері марапатталған. Оның 156-сы қаза тапқан соң. Қызметін қалтқысыз атқарған екі офицер «Халық қаһарманы» атағын алған. 8 офицер І дәржелі «Даңқ» орденімен, 51 ішкі істер жетекшісі ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен мараптталған. 222 полиция І-ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
30 жылда ішкі істер саласы бірнеше реформаны өткерді, өзгерді. Бірақ жұрттың құқық қорғау жүйесіне сенімі әлі де аз.
Ішкі істер министрлігі елдегі ең ірі орган. Сондықтан араларында ала да құла да болуы заңдылық. Полицейлер қоғам көзіне халықты қанаушы парақор болып көрінетіндей. Мұның себебін Президент былай түсіндірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді. Жағдайды өзгерту үшін біз Қазақстан полициясында ауқымды реформаларды бастадық, біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшеміз. Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды.
Қазіргі полиция қорғаушы, жанашыр сипатты сіңіруге күш салып жатыр. Полицей әуелі тәртіптің сақшысы. Қылмыспен күресетін, заңның сөзін сөйлейтін мамандық. Бастысы халықтың қызметкері. Бұл саладағы сансыз сайып қыран қарапайым қарашаның қамын күйіттеуге міндетті.
Оңғар Алпысбайұлы