Мәскеуде қазақстандық студент Томирис Байсафаның өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты.
Алқабилер соты басты күдікті Муртузали Меджидовты кінәлі деп тапты. Мәскеудің Измайлов сотының үкіміне сәйкес, Муртузали Меджидов 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Дағыстанның бұрынғы вице-премьерінің ұлы енді қатаң режимдегі колонияда жазасын өтейді.
Еске салайық, 2018 жылдың 13 сәуірінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-курс студенті Томирис Байсафа жұмбақ жағдайда оқу орнының төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен еді. Бірнеше операция жасалғанымен, есін жимастан сол жылдың 3 мамырында қайтыс болды.
Жанна Ахметова, Томирис Байсафаның анасы:
Ешкім келіп кешірім сұраған жоқ. Мен де, отбасым да жауыз емеспіз. Бұл оқиға басқаша аяқталар еді. Бірақ олар адамгершілік танытқан жоқ. Төрт жыл бойы әділдік іздедім, әділетті үкім шыққанына өзім сене алар емеспін. Қанша қиындықтан өтсем де, қызымның ар-намысын қорғау мен үшін өте маңызды болды. Бұл жеңіс емес, бұл екі отбасы үшін де трагедия.