Бүгін Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі елорда тұрғындарымен кездесу өткізді.
Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен жиында министрліктің атқарған жұмыстары және алдағы жоспары жайлы айтылды. Кейін ведомства басшысы тұрғындардың өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Бас қала тұрғындарын негізінен коммуналдық және инфрақұрылымдық мәселелер алаңдатып отыр. Соның бірі – елорданың арық жүйесі. Оны ретке келтіру үшін тиісті қаржы қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды әкімдік жүргізіп жатыр. Әрі үшінші жылу қазандығын салу және қарапайым тұрғындардың бюджетті жоспарлау секілді маңызды іске қалай қатысуына болатыны айтылды. Сондай-ақ мобильдік аударымдарға қатысты әлі де түсінбеушілік бар.
Халықпен кездесуден соң журналистерге брифинг өткізген министр аударымдарға байланысты алаңдаудың қажеті жоқ деді.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
Себебі ешкім қазір салық төлеуге мәжбүрлемейді. Қазір біз тек бақылап, мониторинг жүргізіп отырамыз. Сосын өзіміз бәрін реттеп болғаннан кейін, яғни 2025 жылға қарай тиісті шараларды қабылдаймыз. Оған дейін біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Халықты жаппай қамтитын боламыз.