Бақылаусыз сала: Такси қызметінің 95 пайызы көлеңкелі нарықта жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақылаусыз сала: Такси қызметінің 95 пайызы көлеңкелі нарықта жүр

24.06.2022

Такси қызметінің 95 пайызы көлеңкелі нарықта жүр. Өйткені мемлекет тарапынан бақылау жоқ. Заңмен реттелмеген. Еліміздегі такси қауымдастығы өкілдері осылай деді. Салдарынан құқық бұзушылық көп. Ұрлау тонау, тіпті зорлау фактілері жиілеген. Бағаға қатысты наразылықтар өз алдына, қауіпсіздікке кім жауап береді? 

Таксиге мінем деп, қолын сындырды. Нұрлан Жанайдың жазығы көлік ішінде телефонмен сөйлескені. Жүргізуші оның әңгімесіне араласады. Соңында сөзге келісе алмай, жұдырық жұмсауға ұмтылады. Абайсызда құлап, қолын сындырады.

Нұрлан Жанай, Алматы қаласының тұрғыны:

Ол кісі маған агрессивті, психоэмоцианалды адам болып көрінді.Полицияға арыз бердім. Ол маған қолымен зақым клетірген жоқ. Мені қуды. Агрессия көрсетті. Қанша айтқанмен мен клиентпін ғой.

Ал әріптесіміз Әсима Нұрбайқызы да такси жүргізушісінен зардап шеккендердің бірі.

Әсима Нұрбайқызы, тілші:

Мұндай жүгенсіз жүргізушілер аз емес. Жақында ғана елордада бойжеткенді таксист зорлап кеткен. Елдің әр түкпірінде ұрлау, тонау фактілері де жиіледі.

Бүгінде екінің бірі таксист. Өйткені, тіркелу жеңіл. Тексеріп көрдік. Оператор бірден хабарласты.

Осылайша таксист болу оп-оңай. Арасында маскүнем, бұрын сотталған, тіпті психикалық ауытқуы бар адам да болуы мүмкін. Мұндай жеңіл мүмкіндікті шетелдік онлайн платформалар беріп отыр. Ал халықтың 90 пайызы осы қосымшаларды пайдаланады. Әсіресе, Яндекс пен индрайвер - елде такси нарығын жаулаған ірі платформа. Жүргізушілерге қойылатын талап, қауіпсіздікке қатысты мәселе бойынша, хат жазған едік. Мынадай жауап келді.

Антонина Снежинская, «Яндекс Go» компаниясының баспасөз хатшысы:

«Біз ІТ жоба арқылы жолаушылар мен жүргізушілер арасындағы байланысты қамтамасыз етеміз. Таксопарктер біздің серіктестеріміз. Жүргізушілерді жұмысқа таксопарктер қабылдайды. Қызмет сапасы мен адам өміріне солар жауапты. Сервис қызметі үшін белгілі көлемде комиссия алынады. Ал қалғанын таксопарктер белгілейді.

Компания бүкіл жауапкершілікті таксопарктерге ысыра салды. Ал таксопарктер қызметке онлайн қабылдайды. Жұмысқа тұрудың тәртібі жеңіл екенін де жоққа шығармады.

Таксопарк өкілі:

Қызметке тұру үшін жүргізуші куәлігі болса жеткілікті. Басқа ешқандай анықтама қажет емес. Ал, тарифті шетелдік компания өзі тағайындайды.

Қазақстан такси қауымдастығы заң жүзінде бақылауды күшейту керек деп отыр. Таксопарктер мен жүргізушілер еговқа тіркелуі тиіс. Көліктер тоқсан сайын тексерілуі қажет. Алайда елімізде бұл талаптардың орындалуы 5- пайыздан аспайды.

Медет Құрманов, Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы:

Бұл сала ұйымдастырылмаған. Реттелуі керек және де бақылауда тұруы керек. Бұл сала өз-өзімен ұйымдастырылған. 95 пайыздан астамы көлеңке нарық деп табылады.

Қауымдастық такси қызметін түбегейлі жетілдіруге дайын. Ережесі мен стандарттарды бекітуге әзір. Тек құзіреті жоқ. Мемлекеттік органдарға осындай ұсыныс жасаған. Әлі қаралып жатыр. Ал мемлекет бұл нарықты неге қадағалауына алмай жүргені белгісіз. Бақылау болмаса такси төңірегіндегі қылмыс саны да азаймайтыны анық. Тағы бір үміт - ІТ жобаларда. Отандық такси қосымшаларының мүмкіндігін арттыру керек, дейді сала мамандары.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу