Алматыда нөсер жауыннан тұрғындар әбігерге түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда нөсер жауыннан тұрғындар әбігерге түсті

24.06.2022

Алматыда қатты нөсер жауын жауып, тұрғындарды әбігерге салды.

Бірнеше сауда кешенінің шатырынан су өтіп, ішіндегі дүкендер жабылып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылды. Жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы қиындап, қалада ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды. Көше ортасында бір қоғамдық көлік өртке оранды. Мамандар бұған себеп, троллейбустың электр желісінің қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін дейді.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте су басудың алдын-алу мақсатында жауапты мекемелерден кезекшілік ұйымдастырылған. Судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету мақсатында 700-ге жуық адам, 245 арнайы техника мен 2000-ға жуық құм салынған қап дайындалған. Жаңбыр кешке қарай тоқтады. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, ертең күн ашық болады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу