Жамбылда тағы бір ауылда сел жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда тағы бір ауылда сел жүрді

24.06.2022

Жамбыл облысында бір ауылды сел шайды. Толассыз жауған бұршақ пен нөсер жауын салдарынан өзен суы көтеріліп көлбеу ағын елдімекенге қауіп төндірді.

Табиғаттың тосын апаты кеше кешкі 20.00-де басталған. Жауын-шашыннан жиналған тау суы Ырғайты өзеніне қосылып, Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылына ағып келген. Екі мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың негізгі көшесімен аққан лай суы көлік қозғалысын қиындатып, жеке тұрғын үйлердің екі шаруашылық ғимаратын зақымдаған. 3 үйдің ішін су басып, мал мен тауықтар қырылған.

Бұдан бөлек, дәл сол уақытта өзен жағасында демалып жатқан 11 адам тасқыннан пайда болған аралдың ортасында қалып қойған. Олардың бір көлігін сел ағызып әкеткен. Құтқарушылар түнгі 1:00 шамасында аралда қалған барлық адамдарды құтқарды.

Қазір онда 14 төтенше жағдай қызметкері мен техникалар жұмыс істеуде. Арнайы комиссия құрылып, келтірілген залал көлемі есептеліп жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккен тұрғындар жоқ.

Ералы Ақылбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Ырғайты өзенінің бойында көлбеу ағын пайда болды. Нәтижесінде ауылдың жол төсемі жырылмаған қалыпта су басты. Сондай-ақ су ағынының салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылыстары зақымдалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Ал Алматы облысында таудан аққан су 11 үйдің ауласын басып қалды. Тау суы 1 тұрғын үйге кірген.

Кеген ауданы Түменбай ауылына әкімдер мен төтеншеліктер жетті. Бірнеше техника жұмылдырылды. Тұрғындар зардап шеккен жоқ. Қазір тұрғын үйлер мен аулаларға комиссия ұйымдастырылып, шығындар есептеліп жатыр.

Сондай-ақ нөсер жауыннан республикалық жол жиегін су шайып кетті. Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, автокөлік қозғалысы штаттық режимде жүріп жатыр. Жол белгілері орнатылып, жол төсемі қалпына келтірілуде. "Қазгидрометтің" болжамынша, Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында су деңгейінің көтерілуі күтілуде.

Хабарламаларға жазылу