Еуроодаққа мүшелік: Бүгін Украина кандидат мәртебесін алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуроодаққа мүшелік: Бүгін Украина кандидат мәртебесін алады

23.06.2022

Бүгін Украина мен Молдова Еуропа одағына мүшелікке кандидат мәртебесін ресми түрде алады. Сонымен қатар, Грузияға да «еуропалық перстпектива» уәде етіліп отыр.

Осы мәселені қарастыру үшін одақтың 27 елінің лидерлері Брюссельде саммитке жиналып жатыр. Атын атаудан бас тартқан бірқатар дипломаттардың сөзінше, аймақ мемлекеттерінің жетекшілері Украинаға үміткерлік статусын бірауыздан беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, одаққа кандидаттық Ресей армиясымен шайқасып жатқан украиналықтар үшін үлкен моральдық қолдау болады.

Айта кетсек, Ресей президенті Владимир Путин Украинаға әскер кіргізу Батыстың Мәскеу ықпалындағы географиялық аумаққа қол сұғуын тоқтату үшін де қажет дегені белгілі.

Киев пен Кишинев үміткерлік мәртебесіне ие болғаннан кейін Еуропа одағы мен Украина, Молдова арасында келіссөздер басталады. Дегенмен, интеграциялық блокқа мүше болу үшін он жылдай уақыт кетуі мүмкін.

Шарль Мишель, Еуропа кеңесінің президенті:

Бұл - Еуропалық одақ үшін шешуші сәт. Сонымен қатар, бұны біз геосаяси таңдау деп есептейміз. Украина мен Молдоваға кандидат мәртебесін беретінімізге сенімдімін. Және де Украина, Грузия, Молдоваға мықты әрі нақты еуропалық болашақ уәде еткіміз келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу