Елордада тұрғындар домофонға абоненттік төлем төлеуге қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тұрғындар домофонға абоненттік төлем төлеуге қарсы

22.06.2022

Домофонға төлейтін ай сайынғы абонеттік төлем негізсіз. Әрі тұрғындар үшін артық шығын. Заңгерлер құрылғыға ақша төлеу мәселесіне қатысты осындай пікір білдірді. Ал, домофон орнататын компаниялар төлем жасалмаса, бар ауыртпалық халыққа түседі деп отыр. Бұл жайтқа қатысты бәсекелестікті қорғау қызметі өкілдерінің де уәжі бар. Тараптарды әріптесім Асылбек Данияр тыңдап қайтты.

Асылбек Данияр, тілші:

Қазір тұрғындар арасында домофонға қатысты дау туындады. Өйткені, ай сайын 400 теңгенің шамасында жылына 5000 теңгедей абоненттік төлем төлейді. Көпшілік одан пайда жоқ, дейді. Тіпті, кейбір пәтерлер құрылғыны қажет етпей мынадай айлаға көшкен.

Елордалық тұрғындардың көпшілігі осындай пікірде. Олар домофон үшін жасалатын төлемнің қайда жұмсалатыны беймәлім дейді. Яғни құрылғыға ешқандай сервистік қызметтің керегі жоқ. Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері мәселені тұрғындардың өздері шеше алатынын жеткізді. Ай сайынғы төлемнен бас тартып, бір реттік төлем жүйесіне көшуге әбден болады. Басқаша айтқанда ақшаны тек домофон бұзылған жағдайда ғана төлейтін етуге мүмкіндік бар

Асхат Қалымбетұлы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қаржы нарықтары және өзге салалар департаментінің Бас сарапшысы:

Меншік иелерінің кемінде он пайызының талап етуі бойынша немесе тұрғын үй инспекциясының бастамасы бойынша шақырылады. Осылайша қажет болған жағдайда жиналыста жабдық бұзылған жағдайда абонеттік төлемнен бір реттік төлемге көшу туралы бастама көтере алады.

Домофон орнатушылар құрылғыға ай сайынғы ақы төлеу жүйесі келісім шарт арқылы жүзеге асады, дейді. Ол үшін тұрғындардың 60 пайызы қолдаса болғаны. Айтуларынша, төлемнің пайдасы көп. Құрылғы бұзылса шығынды компания көтереді. Егер бас тартса халықтың қалтасына ауыртпалық түседі дейді олар.

Ақберен Нұрлыбаев, домофон орнату компаниясының басшысы:

Ай сайын төлейтін бағасы 350 теңге. Бұған барлығы кіреді. Мысалы бір құрылығыны ауыстыру 15 мың теңге. Егер де бөлек шығатын болса тек қана құрылғы ауыстыруға ғана емес келген қызметкерге де төлейді. Олар кем дегенде 10 мың теңге алады. Сосын оны істеу бар, өзінің заттары бар мысалы. Бұлар дейтін 25-30 мыңға шығып кетеді.

Ал заңгерлер домофон үшін ай сайын төлем төлеуге ешбір негіз жоқ деп есептейді. Құрылғы орнатылғаннан кейін шығын болмайды. Тіпті ол бұзылған жағдайда да сервистік компаниялар арқылы мәселені шешуге болатынын айтады.

Ақмарал Палмаханова, заңгер:

Бұл телекоммуникация арқылы жасалатын құрылғы емес. Бұл жерде ешқандай бұл құрылғыға қатысты арнайы қажетті электрикалық немесе басқа жүйелер арқылы шығындар орын алмағандықтан тек бір реттік құрылғы ретінде орнатады кетеді, осымен қызметтері аяқталады.

Қазірдің өзінде домофон қызметіне көңілі толмайтын бірнеше қазақстандық сотқа жүгініп үлгерген. Заңгер мамандар, мұндай жағдайда шешім арызданушының пайдасына шешілетінін айтады. Жалпы, құрылғы үшін ай сайынғы төлемнен бір реттік төлемге көшу үшін тұрғындар бір ауыздан келісу керек..

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу