Афиныда «Грекия-Қазақстан» іскерлік кеңесі іске қосылды. Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен өткен кеңестің алғашқы отырысына Грекия үкіметінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Жиналғандар бұл кеңес екі елдегі іскер топ өкілдерін жақындастыратын тиімді платформаға айналады деген сенімде.
Грекия Еуроодаққа мүше мемлекеттер арасындағы Қазақстанның бесінші сауда серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 млрд доллар болған. Қазір Қазақстанда 10 мыңдай грек бар. Грекияда біздің елде туып-өсіп, кейін тарихи Отанына оралған 100 мыңға жуық жерлестеріміз тұрады.
Жақында қос елге қатынайтын тікелей әуе рейсі іске қосылды.
Жақсыбек Құлекеев, «Грекия-Қазақстан» іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
Осы кеңестің алдағы уақытта Қазақстан мен Грекияның арасындағы іскерлік климаттың қалыптасуына, екі жақтың азаматтарының да екі елдің экономикасына инвестиция салуына жол ашатыны сөзсіз.
Константинос Франгояннис, Грекия сыртқы істер министрінің орынбасары:
Қазақстан мен Грекия қатынасы соңғы 30 жылда жемісті дамып келеді. Біз әрі қарай да сауда-экономикалық байланысты күшейтіп, Қазақстаннан тікелей инвестиция тартуға ниеттіміз. Энергия, туризм салаларында ынтымақтастықты арттырып, достығымыз, серіктестігіміз арта бергенін қалаймыз.