Отандық дизайнерлер өз өнерімен Британ жұртшылығын таң қалдырды. Лондонда өткен Silk Road Fashion сән қойылымында олар ұлттық нақышта және замануи стильде тігілген киімдерін көрсетіп, зор қошеметке ие болды.
Сондай-ақ дизайнерлер қазақтың әшекей бұйымдарын да ұсынды. Ою-өрнек бейнеленген сырға-сақинадан бөлек, шаш ұшына байланатын шолпы шетелдіктерді таң-тамаша етті. Қазақтың ұлттық киімдері де назардан тыс қалмады. Күнделікті өмірге арналған құрақтан құралған киімдер өте жеңіл әрі ыңғайлы, Лондонның құбылмалы ауа-райына лайықтап тігілгендей.
Silk Road Fashion сән қойылымы жыл сайын ұйымдастырылады. Оның биылғы тақырыбы: «Жібек жолынан Лондондағы Паль Маль көшесіне дейін». Бұл жолғы шара Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай өткізілді.
Жадыра Жиенғазиева, дизайнер:
Бұның аты стрит стайл деп аталады. Себебі менің құрақтан құралған киімдерімді көшеде де, тойға да, балабақшаға, саябаққа барған кезде де киіп шығуға болады.
Марина Фишер, Лондон тұрғыны:
Маған бұл материал өте ұнайды. Өйткені ол жеңіл және жылы. Мұны қыста да, жазда да, кез-келген уақытта киюге болады. Мен қазақтың құрақтан жасалған киімдеріне ғашықпын.