Отан алдындағы борышын өтеуге барып, белгісіз жағдайда қайтыс болған сарбаздар жиілеп кетті. Сәуірдің 22-де Жамбыл облысында Маңғыстаулық Әлібек Қалбай көз жұмды. Барғанына бір апта болмастан үйіне табытпен оралды. Туыстары оқиғаның себебін әлі анықтай алмай отыр.
Динара Тілесова, Қалыбай Әлібектің жеңгесі:
Сол күнгі командирлер қайда, серженттар қайда? Бізге әділдік керек, баланы сонша етіп неше күн ұрды оны бір Алла біледі.
Әскери бөлім қызметкерлері алдымен сарбаз сапта тұрғанда естен танып құлады деп хабарлаған. Бірақ, кейін оны ұрды деген күдікпен тағы бір сарбаз Айболат Аманжолов қамалды. Ол да Әлібекпен әскерге бір уақытта шақырылған. Осындай екі түрлі мәлімдемеден кейін Әлібектің жақындары тергеуге күмәнмен қарайды.
Бибігүл Рамазанова, қоғам белсендісі:
Біздің таң қалатынымыз неге Қалбай Әлібекпен өзімен бірге кішкентай ғана атыраудың баласы Аманжолов Айболатты күдікті деп алған. +Бір ғана сарбаз Курчкин дегеннің айтуына сеніп, бір баланы қамап тастаған. Біздің талабымыз сол күні түнгі кезекте болған сержанттар, офицерлер қамалсын. Барлығы міндетті түрде дұрыстап тергелсін.
Атырау
Сарбаздың өліміне кінәлі болған Айболаттың ата-анасы да алаңдаулы. Баласы біреуді ұрып өлтіргеніне сенбейді. Өйткені, сарапшылар қайтыс болған сарбаздың ішкі құрылысы зақымданғанын айтқан. Ал, денесінде із болмаған. Демек, мұны адам ұруды жақсы білетіндер жасаған,- дейді.
Айнұр Төлемісова, Айболат Аманжоловтың анасы:
Профессионалный адам соққан. Ол немен соғады или боксер или қолына сүлгі орап алған. Екінші одеяло или өкпеден соғып, өкпені түсіріп тастайды екен.
Оқиғаға қатысты әскери прокуратура медициналық сараптама алған. Бірақ, нәтижесі әлі құпия.
Еркін Қожа-Ахмет, Бас әскери прокурордың аға көмекшісі:
Тергеуді күту керек. Әрине қылмыстық кодекстің 202 бабына сәйкес біз не болып жатқанын айта алмаймыз.
Жұмбақ өлімнің қашан ашылатыны белгісіз. Ал, жыл басынан бері осындай 4 оқиға тіркелді.
Ресми ақпарат бойынша, соңғы 10 жылда 220 әскери қызметкер суицид жасаған. Олардың 90 пайызына тұрмыстық қиындықтар себеп болса, 10 пайызының ғана қылмыстық салдары бар.
Бірақ, мәселені зерттеп жүрген мәжіліс депутаты Константин Авершин сарбаздардың стресске түсуіне әсер ететін факторлар көп,- дейді.
Константин Авершин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әскерде кеңестік кезеңнен қалған керексіз дәстүрлер көп. Тамақтанудан бастап, сарбаздарды тәрбиелеу жағынан. Одан бөлек, әскери бөлімдерді тексеру үшін алдын ала жазылу керек. Ол дұрыс емес қой.
Ал, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев кейбір командирлердің әрекетін сынға алды.
Бақытжан Ертаев, ҚР Халық қаһарманы:
Келеді де сарбаздан сұрайды жаңадан келген. Сен қайдан келдің, әкең кім? Кәсіпкер, жаз әкеңе, ақша бер деп. Қыстайды оны, бірақ айтпа мынандай нәрсе деп айт, мен сұрады деп айтпа деп, бермесе тоқпақтайды, ұрады, кейбірі шыдамайды. Міне, осыны тоқтату керек.
Өмірін осы салаға арнаған халық қаһарманы кезінде өзі қалай жұмыс істегенін де айтты.
Бақытжан Ертаев, ҚР Халық қаһарманы:
Мен мысалы командир рота болғанда бірінші келген сарбазды қасыма отырғызып, арқасынан қағып, әке-шеше бәрін біліп алып хат жазатынмын. Олар хат жазатын. Рахметін айтып. Бұл не, бұл сарбаздың жүрегіне жол табу.
Осы «сарбаздардың жүрегіне жол табу дегеніңіз» қазір өте маңызды,- дейді, психолог мамандар да. Өйткені...
Серікгүл Сали, психолог:
Қазір көптеген жастар таңертең ерте тұруды, арнайы бір тәртіпке бағынуды, уақытылы бір іс-әрекетті жасауды үйренбеген. Сол себептен әскерге барған кезде осының өзі қысым болады. Ол стресстан шығып отыру керек, оның арнайы тәсілдері қолданылмайды мүмкін. Содан кейін олар кішкентай ұсақ-түйек нәрсені ісіріп көреді.
Көп жастың әскерге дайындықсыз келетінін командирлер де айтты.
Нұрлыбек Әбдірайымов, 35-Гвардиялық десанттық шабуылдау гвардиясының подполковнигі:
Жастарымыз бар, әлсіз боп келетін. Көңіл бөлмейді өздерінің дене бітімдеріне. Дайындық өте нашарлау. Әскерде біз қиналамыз олармен.
Жастардың тұтынатын тағамдарына да мән беру маңызды.
Нұрлыбек Әбдірайымов, 35-Гвардиялық десанттық шабуылдау гвардиясының подполковнигі:
Мынау өзіміздің напиткілерде қазір, кока-кола, дизи, олар да зиян адамға. Сүйекті әлсіретеді, кальцийлерді әлсіретеді.
Иә, жастар әлсіз делік. Бірақ, әскерге қабылданар кезде медициналық тұрғыда тексерілмей ме. Одан қалай өтеді?
Серікгүл Сали, психолог:
Көп нәрселер қазір ескерілмейтін де болды. Себебі, әскерге баратын жастар аз. Жастардың саны жетпейтіндіктен кейбір физикалық тұрғыдағы жарамсыз тұрғыдағы, әлсіз балаларды да ала береді. Ал, психологиялық жағынан толық тексеруден өтпейді. Әскери психолог деген бар. Әскерге барып, тернингтер өткізгем мен көрдім. Бірақ, психологиялық тұрғыда олардың білімдері жеткіліксіз.
Демек, бұл салада біраз реформаны қажет етіп тұрғандай. Өйткені, мамандар көтерген мәселелер бір күнде шешілмейтіні рас. Дегенмен, әр қайғылы оқиғаның себебі ашық айтылғаны керек. Ал, әскерге үлкен арман арқалап кеткен Әлібектің денесін үйіне табытпен көтеріп қайтқан туыстары шындық тезірек ашылса,-дейді.
Динара Тілесова, Қалыбай Әлібектің жеңгесі:
О да үлкен өмір болды Әлібекте. Сол арман-мақсатының бәрі ішінде кетті. Әскердегі өмірі ішінде кетті оның. Бұдан қалса бізде уже әскерге деген сенім жоқ, біз балдарымызды ертең қалай жібереміз. Әскерде енді өлім болмасыншы...
Амангелді Сейітхан