Мемлекет басшысы Иранға ресми сапармен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Иранға ресми сапармен барады

18.06.2022

Ертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран ислам республикасына барады. Бұл президенттің Теһранға жасайтын алғашқы ресми сапары.

Мақсат – Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық қатынастарды кеңейту. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев парсы елінің президентімен кездесіп, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізбек. 

Досжан Маратұлы, тілші:

Осы апта мемлекет басшысының жұмыс кестесі тығыз. Ұлттық құрылтайға кейін, Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумға қатысып, енді міне, Иранға ресми сапармен келмек. Президент мінетін №1 борт Теһран әуежайына ертең 11-де қонады деп күтіліп отыр. Қазір мұнда орталық көшелерге көк байрағымыз ілініп, қазақ басшысын қарсы алуға қызу дайындық жүріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда Иран президентімен келіссөз жүргізбек. Былтыр сайланған Ибрахим Раисимен мемлекет басшысы бұған дейін бір рет кездесіп, екі мәрте телефон арқылы тілдескен. Сол кезде президенттер бір-бірін қонаққа шақырған еді. Өйткені тараптар алыс-беріс пен барыс келісті арттыруға мүдделі. Екі ел арасындағы тауар айналым АҚШ-тың Иранға салған санкциясынан кейін едәуір азайған еді. Қазір қайта жанданып келеді. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш 200 миллион долларға жуық. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Рамин Мехманпараст, Иран Ислам республикасының қазақстандағы бұрынғы елшісі:

Бүкіл Еуразия аумағында азық-түлік және өндірістік қауіпсіздікті қамтуда Иран мен Қазақстанның рөлі зор. Қазіргі геосаяси ахуал үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Яғни екі ел энергоресурстарды, құрылыс материалдарын, азық-түлік пен өзге тауарларды бір-біріне ғана экспорттап немесе импорттап қоймай, Еуропа, Азия және Африка елдеріне шығара алады.
Сондай-ақ биыл Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатияға 30 жыл. Осы уақытта жан-жақты байланыс нығайып, достық қарым-қатынас беки түсті. Иран - Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды экономикалық серіктесіне айналды. Парсы елінің инженерлік-техникалық, фармацевтикалық, сондай-ақ, электр станцияларының құрылысы саласындағы әлеуеті зор. Ал Қазақстан азық-түлік пен астыққа бай. Әрі мұнай мен теміржол саласындағы серіктестік екі елге де теңдей тиімді. Сондықтан ертең осы бағытта маңызды меморандумдарға қол қойылады деп күтіліп отыр.

Хабарламаларға жазылу