Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Луганск мен Донецкке қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Луганск мен Донецкке қатысты пікір білдірді

18.06.2022

Ресей Қазақстаннан үлгі алады. Владимир Путин біздің IT саласындағы бастамаларға қызығып отыр. Ал Қасым Жомарт Тоқаев трансшекаралық Жайықтың проблемасын бірлесе шешуді ұсынды. Өйткені өзеннің пайдасын екі ел қатар көріп отыр. Петербор экономикалық форумында Президент саяси ұстанымын да ашық айтты. Асима Нұрбайқызы тарқатады.

Ресей – сенімді серіктес. Сөз жоқ. Алыс-беріс, барыс-келіске ғасырлар куә. Бірақ бұл екі ел басшыларының саяси ұстанымы бір дегенді білдірмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда осының басын ашық әрі ашып айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Турасын айтайын, бұл мәселеге қатысты бізде түрлі пікір бар. БҰҰ-ның ұстанымы да бір-біріне қарама-қайшы. Ал ұлт өкілдеріне таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Бұл бейберекетсіздікке әкеледі. Сол себептен біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск мен Донецкке де қатысты. Сіздің ашық сұрағыңызға ашып айтарым осы.

Жалпы, Ресей мен Украина арасындағы ахуалға бүкіл әлем алаңдаулы. Экономикалық форум болса да саяси мәселе қайта-қайта көтерілді. Қазақ басшысына осы тақырыпқа қатысты модератор қайта қайта сұрақ қойды. Тоқаев тосылмады. Украинаның Еуродақ құрамына кіру туралы бастамасына қатысты ойын да ашық айтты. Керісінше, олардың қалауы осы болса, көмектесу керек деді. Осындай геосаяси жағдайлардың ушығуына байланысты әлем үлкен дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бірақ, кейбір елдер кедергілерді кемелденудің басы деп біледі. Оны Президент Қытай таңбаларымен түсіндіріп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Дағдарыс сөзі Қытайда екі таңбадан тұрады. Оның жазылуы де әлі есімде. Біріншісі қауіп дегенді білдірсе, екіншісі мүмкіндік. Сондықтан, түсінген адамға әр дағдарыс салқынын да тигізеді, жақсылыққа да жол ашады. Біз де осы бағытты ұстануымыз керек деп ойлаймын.

Қиыннан қиыстырып, қисынын тауып айтты Президент. Жаңа мүмкіндіктердің жолын көрсетті. Еуразиялық экономикалық одақ әлеуетін пайдаланып, басқа елдердің нарығына шығуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Тиімділігі күмәнді контрсанкцияның орнына Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын белсенді әрі оңтайлы сауда саясатын жүргізген жөн. Қазақстан «буферлік нарық» қызметін атқарар еді. Жалпы, Еуразиялық интеграцияның түбегейлі жетістікке жетуі біздің бірлескен сауда стратегиямыздың тиімділігіне байланысты.

Қазір алпауыттар арасында текетірес күшейіп келеді. Әлемге астықсыз аштық төніп тұр. Онсыз да млндаған адам бір үзім нанға зәру. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шұғыл шешпесе болмайды. Ол үшін әуелі ысыраптан арылу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің мүдделері ескерілуі тиіс. Келісіп жұмыс істемесе, бұл аса маңызды саладағы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиындай түседі. Яғни, шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет.

Тағы бір қауіп – экология. Жаһандық климат өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары жауын-шашын аз. Осының өзі көп дүниені аңғартады. Қуаңшылық зардабы оңай болмады. Оның үстіне трансшекаралық Жайық өзенінің жағдайы қиын. Мұндай ұзақ мерзімді міндеттерді Президент бірлесіп шешуді ұсынды. Ол үшін «жасыл» инвестицияларды көбейту керек. Ал Путин Қазақстанның көп бастамасына қызығып отыр. Тіпті кейбірінен үлгі алатынын жасырмады.

Владимир Путин Ресей Федерациясының Президенті:

IT - технологиялар саласында көптеген маман Ресейден Қазақстанға қуана барады. Олар сонда жұмыс істеп жатыр. Өйткені жақсы жағдай жасалған. Біз осы тұрғыдан Қазақстаннан үлгі алатын боламыз.

Жалпы, Ресей мен Қазақстан арасында қарым қатынас өзара достыққа негізделген. Бірақ арандатушылар аз емес. Қисынсыз әңгіме көп. Ресейдегі кейбір сала өкілдері көк езу сөзге әуес. Президент жиында орайын келтіріп, осындай орынсыз пікірлерге тоқтау салуды талап етті. Дипломатия тілімен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мүмкін орынсыз шығар, дегенмен, бірқатар ресейлік депутаттардың пікірлеріне қарсылығымды білдіргім келеді. Қазақстанға қатысты мүлдем қисынсыз әңгіме айтып жүр. Олардың қатарында журналистер мен мәдениет қайраткерлері де бар. Өзге мемлекеттерге, әсіресе менің елім Қазақстанға қатысты ұстанымын жеткілікті түрде білдірген Владимир Путинге ризашылығымды білдіремін. Ал шын мәнісінде көпіртіп айтатындан ешқандай мәселе жоқ. Алауыздықтың соңы екі елдің халқы арасына және Ресейдің өзіне зиянын тигізеді.

Осылардың ішінде форум модераторы Маргарита Симоньянның күйеуі де бар. Қазақстанға қатысты қаңқу қысыр сөзге әуес. Оны журналист біліп те отыр. Дегенмен Президент Тоқаевтың жауаптарына таңданысын жасыра алмады. Ашық, сауатты мәлімдемесі үшін отырыс соңында алғыс білдірді.

Асима Нұрбайқызы тілші:

Қауіпсіздік. Тоқаев форумда осы сөзді көп айтты. Аумақтық қауіпсіздік. Халықаралық қауіпсіздік. Азық түлік қауіпсіздігі. Экологиялық қауіпсіздік. Осы мәселелер шетін қалмаса экономикалық дамудың даңғыл жолына түсуге болады. Бірақ бұл проблемаларды жалғыз шешуге келмейді. Сондықтан интеграциялық бірлестік керек. Президент ұстанымы осы.

Хабарламаларға жазылу