Президент: Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын

17.06.2022

Ұлт ұясы Ұлытауда Мемлекет басшысы санаға серпіліс тудыратын, қоғамның ой-пікіріне қозғау салатын ұтымды ұсыныстар айтты. Тамыры терең тартқан тарихымызды ұлықтау мақсатында бірқатар бастама көтерді. Ынтымақты игілікке бастаған жиын ел еңсесін тағы бір тіктеді.

Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент осылай деді. Жаңа Қазақстан - ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Қоғамда тарихи әділдік орнату. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Елдің шынайы шежіресі жазылып жатыр. Президент бастамасына қолдау білдірген қоғам өкілдері де арыстар атын ардақтау - ұрпақ парызы, - дейді.

Қазбек Майгелдинов, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі:

«Еліміздің тарихына қарайтын болсақ, дала демократиясының Ұлттық құрылтайы болған. Ұлттық құрылтайда ең түйткілді мәселелер қаралған. Алдағы уақытта мен ойлаймын, құрылтай арқылы елдегі жан-жақты, әртүрлі санаттағы өкілдердің қатысуымен Президенттің саясатын одан әрі жүзеге асыруға қандай да бір септігін тигізу керек».

Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны бір ғана билік жүзеге асырады деу қате пікір. Сондықтан ұлт болып ұйысып, елдікке бет бұру қажет. Сонда ғана мақсатты бағындырып, мүддеге қол жеткізуге болады дейді Президент. Алда ауқымды реформалар жүзеге асады. Түрлі сала жаңғырады. Оның ішінде отандық ғылымның да әлеуеті артады.

Күнсұлу Закарья, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі:

«Ұлттық құрылтай қазақ халқының рухының негізі деп санаймын мен Ғылымымыз, зияткерлік меншіктеріміз ең жоғары болса, экономикаға үлкен үлес береді деп, Қазақстанды одан сайын жоғары дамытуға үлес қосатынына кәміл сенемін».

Бабалар рухы тоғысқан киелі мекендегі алқалы жиында Президент бірлікті нығайту мен реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге ерекше тоқталды. «Qurultay» арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды. Осы арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде ортаға салады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қосады. Мұның бәрі цифрлық демократияның бастауы болмақ.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі:

«Біз барлықтарымз да қолдаймыз осы бастаманы Президентіміздің. Қазақ патриоттары ретінде қолда бар еңбегімізді тигізіп, халқымыздың болашақ дамып, бірлікте болуына күш саламыз. Бұл орган қазақ халқының үнін, мұқтажын билікке жеткізіп отыратын орган болады».

Ұлт ұясы Ұлытау – қашаннан қазаққа қайырлы қоныс болған киелі мекен. Оның төрінде елдіктің еңселі рухы, бірліктің биік байрағы бар. Көне тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың ең тағдыршешті ұлы оқиғалары осынау қастерлі байтақтан бастау алады. Кешегі алғашқы құрылтайдың да кемел келешек үшін атқарар ісі де, орны да бөлек.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу