Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан басшысымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан басшысымен кездесті

17.06.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысады.

Жиын аясында Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланған. Алдымен Татарстан Президенті Рустам Миинихановпен жүздесті. Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейту жайы талқыланды. Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, елдегі зауыттарды Ресейдің өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді. Әсіресе, «КАМАЗ» және «Татнефть» арасындағы келіссөздер жайы қаралды.

Жалпы қазақ-татар байланыстарының дамуы қарқынды. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 423 миллион долларды құрады. Биылғы төрт айдағы көрсеткіш 143 миллион доллар. Машина жасау саласындағы ірі жобалар табысты жүзеге асып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Уағдаластықтарымыздың қалай жүзеге асырылып, көздеген мақсатқа қалай қол жеткізіп жатқанымызды көріп отырмын. Бәрі де бақылауда деп айтуға болады.

Рустам Минниханов,Татарстан Президенті:

Қазақстан компанияларының Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруге мүмкіндік алуына пайдамызды тигізгіміз келеді. Біз толыққанды қолдау көрсетіп, ықпал етуге дайынбыз.

Сондай-ақ, Президент Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен кездесті. Екі елдің сауда-экономикалық, өнеркәсіп, және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жаңа қарқынмен дамып келе жатыр. Башқұртстан Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. .

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қатысты нақты жобалар жасауға және дамытуға мүдделіміз. Сондықтан сіздердің компанияларыңыздың жетекшілерін Қазақстанға шақырамын. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Бұған қызығушылық танытып отырмыз. Егер сіздердің тарапыңыздан индустриялық әлеуеті ескерілген өте маңызды бірлескен жобалар ұсынылса, жұмысымыз жемісті болады деп ойлаймын.

Радий Хабиров, Башқұртстан басшысы:

Башқұртстан Қазақстанның бизнесімен жұмысты одан әрі жалғастыруға аса мүдделі. Біз үшін бұл өте маңызды. Осы уақыт біраз шаруа тындырдық. Менің Қазақстанға сапарым барысында бірқатар келісім жасалып, уағдаластықтарға қол жеткізілді және олардың бәрі жүзеге асты. Ең алдымен, өзара қарым-қатынас инфрақұрылымын жолға қойдық.

Хабарламаларға жазылу