Еліміздегі барлық облыс орталықтарында IT-хабтар іске қосылуы тиіс – Премьер-министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі барлық облыс орталықтарында IT-хабтар іске қосылуы тиіс – Премьер-министр

17.06.2022

Премьер – министр Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралады.

Мегаполистің IT-кластерінің, медициналық және білім беру саласының дамуымен танысты. Үкімет басшысының сөзінше, IT-кластерді дамыту қазақстандықтар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады.

Әуелі Әлихан Смайылов қала әкімі Ерболат Досаевпен бірге жақында іске қосылған MOST IT Hub Almaty инновациялық кәсіпкерлікті дамыту орталығына бас сұқты. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асатын аумақта жайлы кеңселер, ивент және бизнес-кездесулер өткізуге арналған орындар бар. Сондай-ақ бұл жерде технологиялық стартаптарды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Алматыны үлгі етіп, еліміздің барлық облыс орталықтарында IT-хабтар іске қосылуы тиіс. Өңірлердің әкімдіктері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жаңа көп бейінді медициналық орталығының қызметімен танысты. Орталықта стоматологиялық кабинет, спорттық медицина, екі операциялық зал, физиотерапия және оңалту бөлімі бар.

Бұл – жолаушылар көлігіне мамандар даярлайтын қаладағы жалғыз колледж. Білім беру мекемесі «Жас маман» жобасы аясында оқу-өндірістік шеберханалармен толық жабдықталған.

Сейітбек Сүлейменов, Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры:

Көп балалы отбасынан шыққан, ата-анасынан айырылған балалар көп оқиды. Сондықтан колледжімізде тегін оқу, стипендия беріледі. Бір уақыт ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Балаларға барлық жағдайлар жасалған. 

Премьер-Министр студенттерді токарлық, автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша өткен қалалық және республикалық жарыстардағы жеңісімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Хабарламаларға жазылу