Ертең ұлт ұясы Ұлытауда ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең ұлт ұясы Ұлытауда ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді

15.06.2022

Ертең ұлт ұясы Ұлытауда ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Қазір «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені маңайына киіз үйлер тігіліп, құрылтайға қызу дайындық жүріп жатыр. Жалпы жақында ғана қайта облыс орталығына айналған аймақтың қазіргі ахуалы қандай? /

Тарихтағы Алтын орда дәуірінің орнын осында келіп тануға болады. Салмағы 4,5 тоннадан асатын ханның ескерткіші, тың жәдігерлер мен шынайы бейнелер өткенмен терең тыныстауға мүмкіндік береді. Кешен пайдалануға берілгелі келушілер де көбейген. Енді тарихи мекенде ертең Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді.

Жамаладен Ибрагимов, тарихшы, ғалым:

Тарихи киелі жер. Бұл Ұлытаудың киелілігі, саяси маңыздылығы жоғары. Сондықтан да мемлекеттік саяси шешімдердің де Ұлытаудың пайдасына шешілуі маңызды факторлардың бірі. Кенесары бабамыздың осы жерде хан көтерілуі бұл жердің маңыздылығын, саяси мәнді ошағы екенін көрсетіп тұр.

Ұлттық құрылтай қарсаңында Жошы-хан кесенесінің маңайына этноауыл құрылды. Киіз үйлер тігілді. Алтыбақан, асық атудан сайыс өтеді. Палуандар күш сынасады. Қыраны мен құмай тазысын ертіп, мұнда құсбегі де келген.

Бақытжан Игенұлы, тарихшы, Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі:

Бұл жерде тарих мен мәдениетті байланыстырып, далалық туризмді дамытудың, құндылықты көрсетудің бірден бір бөлігі болып табылады. Жаңа демократиялық қалыптасуда қазақ даласында, қазақ тарихында көшпелі өркениеттің басталатынының негізі.

Иә, әрбір азамат саяси өзгеріс пен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрылтай өткізу туралы бастама көтергенде Президент құрғақ уәде мен бос сөздің ешқайда апармайтынын ескертті. Бәрінен нақты іс пен шынайы өзгеріс маңызды. Әсіресе Жезқазған үшін. Өйткені облыс орталығы мәртебесінен айырылған 25 жылда мыңдаған адам өңірден көшіп кетті. Ауыз су мәселесі әлі өзекті. Жолдардың жағдайы да жақсара қоймаған.

Былтыр өңірге сапарында Президент ауыз су мәселесін 1,5 жылда шешуді тапсырған. Жезқазғанда Жезді су қоймасын қалпына келтіріп, Кеңгір су қоймасын тазарту қажет.

Берік Әбдіғали, Ұлытау облысының әкімі:

Қазір 16 млдрқа жуық қаражат керек. Үйтас-Айдос деген жерасты су қоймасы бар. Соны қалаға тартуға. Жақында ғана бітті. Биылдан бастап енді Үкіметтен қаражат сұраймыз. Сол кезде бәрібір 1 жылда соғыла қоймас, 23-24 жылдары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Енді жаңадан құрылған облыс орталығына ерекше мән берілмек. Экономикасы өндіріске байланған өңірде алдымен ең негізгі проблемаларды шешу көзделіп отыр.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу