Мәжіліс отырысы: «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс отырысы: «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы қаралды

15.06.2022

Елімізде дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылып барады. Бұған медицинада қолданылатын өсімдіктерге сыртқы нарықта сұраныстың артқаны әсер етіп тұр. Бұдан бөлек, ел аумағына сырттан бөтен өсімдіктердің де түр-түрі бақылаусыз әкелініп жатыр. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында осы саладағы мәселелерді реттеу үшін әзірленген Заң жобасы қаралды.

Елімізде ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның 1,5 мыңға жуығы дәрілік өсімдік. 14 түрі экспортқа да шығады. Мысалы қазақстандық мия тамыры Қытай, Түркия және АҚШ нарығында үлкен сұранысқа ие. Бірақ, дәрілік өсімдіктерді қанша мөлшерде және қалай жинау, қорғау, тасымалдау және басқа да мәселелер заңмен дұрыс реттелмеген. Соның салдарынан дәрілік өсімдіктер азайып барады.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды, бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі.

Ел аумағына өсімдіктердің бөтен түрлерін бақылаусыз әкелу, олармен бірге келетін зиянкестер мен аурулар да проблемаға айналған. Қазіргі заңнадамағы олқылықтар мен қайшылықтарды жойып, өсімдіктер дүниесін қорғау, көбейту және пайдалану мәселелерін реттеу үшін заң жобасы әзірленіп, бүгін мәжілісте бірінші оқылымда қаралды. Отырыста басқа да бірнеше заң жобасы талқыланды.

Екі депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтады

Сондай-ақ, қызметі ауысқан екі депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтады. Саясат Нұрбекке заң шығару жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс хат табысталды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Өте танымал депутат болды. Тек, бір өкініштісі, аз ғана уақыт болды. Бісіміллә деп кеше ған бастап еді жұмысын, тез арада әумин ғып бітірді.

Саясат Нұрбек референдумнан кейін тағайындалған бірінші министр ретінде тарихта қалды. «Маған артылған жауапкершіліктің жүгі екі есе ауыр екенін біліп тұрмын» деді ол өз сөзінде. Ғылым және жоғары білім министрі депутаттық корпуспен қоштасу кезінде Мұхтар Шахановтың өлеңінен үзінді оқып берді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Менде де бар бір арман,

Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан.

Ұлы баба, бірақ менің арманым

Парыз бенен махаббаттан құралған.

Шамын жақсам ғылым менен өнердің,

Елімді зор мерекеге бөлермін.

Бүл сапарым азапты да шығар-ау,

Не де болса пешенемнен көрермін.....

Ұлытау облысына әкім болып тағайындалған Берік Әбдіғалиұлының да депутаттық өкілеттігі мерзімнен бұрын тоқтады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Ертең Ұлытау облысында Ұлттық құқрылтай болады. Сол себепті бүгін ортамызға келіп қоштаса алмады, бірақ үлкен жауапты қызметті Президент сеніп тапсырды. Сол қызметінде табыс тілейік.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу