Тамыздың 1-25-і аралығында Қостанай облысының басым бөлігі табиғи газдан уақытша ажыратылады. Тек Қарабалық, Жітіқара мен Қамысты аудандарында ғана көгілдір отын беру тоқтамайды. Бұған себеп – тозығы жеткен газ құбырына жөндеу жүргізілмек. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан желіні жаңартпаса, аяқ астынан ақау шығу қаупі басым. Өңірде табиғи газ тұтынатын мың жарымға жуық өндірістік, мыңнан аса коммуналдық кәсіпорын бар. Олар газ беру тоқтатылған мерзімде балама қуат көздерімен жұмыс істеуге көшеді. Ал тамақ өнеркәсібімен айналысатын 8 кәсіпорынның жұмысы толық тоқтайды.
Марат Жүндібаев, қала әкімі:
Алдағы 1,5 ай ішінде бұл кәсіпорындар күшейтілген режимде, тоқтаусыз 2-3 ауысыммен жұмыс істеуі тиіс. Бұл жалпы өндіріс ауқымын төмендетуге жол бермейді. Ал жұмысын толық тоқтатын кәсіпорындар осы уақыт аралығында жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады. Өз тарапымыздан уақытша қиындықтан ешкімнің зиян шекпеуін қатаң қадағалаймыз.
Авторы: Дәуренбек Әбдібек