Елімізде жаңадан құрылған үш облыстың әкімшілік ғимарттары үшін 12 миллиард теңге қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаңадан құрылған үш облыстың әкімшілік ғимарттары үшін 12 миллиард теңге қажет

13.06.2022

Елімізде жаңадан құрылған үш облыстың әкімшілік ғимарттары үшін 12 миллиард теңге қажет. Ұлттық экономика министрінің айтуынша бұл қаржы нысандарды сатып алуға, жөндеуге және жалға алуға жұмсалмақ. Онда облыстық басқармалар орналастырылады. Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің қалай іске асатынын бүгін Ұлттық экономика министрлігіндегілер айтып берді.

Елімізде үш облыс құрылып, оларды басқаратын әкімдер тағайындалды. Әрине мұнымен шаруа біткен жоқ. Семей, Жезқазған, Қонаев қалалары аймақ орталығы болған соң, соған сай әкімшілік ғимараттары болуы тиіс. Сондықтан түрлі басқарма және коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмыс істейтін нысандарды сатып алуға жөндеуге, жалға алу үшін жалпы 12 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Семей, Жезқазған қалаларында бұған дейін тарихта облыс орталығы болғанына мән беруіміз керек. Соған сәйкес екі қалада да әкімшілік ғимараттардың, санының және дайындығының көрсеткіштері жақсы. Ал Қапшағай қазіргі Қонаев қаласында екі қаламен салыстырғанда көрсеткіш одан төмендеу.

Сол үшін Қонаевта әзірге жеке меншік ғимаратты жалдау көзделіп отыр. Әрі қосымша 16 мемлекеттік нысан қажет. Алғашқы кезде оларды жалдап, кейбірін жөндеуге 3,5 млрд теңге қарастырылған. Жезқазғанда мемлекеттік 17 нысанды ашу үшін 7,6 миллард қажет. Ал Семейде 10 ғимаратқа 839 миллион теңге жұмсалмақ.

Бұдан бөлек, қазір үш әкім жұмысына кірісіп кетті. Олардың үш-үштен орынбасары болады. Алайда қанша басқарма, бөлім және онда қанша маман еңбек ететіні әзірге белгісіз.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Жақын арада мәслихат сессиясында облыстарды басқару жүйесін бекіту мәселесі шығарылады. Сол жүйе бекітілгеннен кейін өңірлерде облыс басқармалары құрылып, тиісті кадрлық тағайындау жүргізіледі. Нақты штат саны сонда анықталып, жалақы, қаржы мәселесі белілі болады.

Болжам бойынша үш өңір әкімдігінде 500-ге жуық штат ашылмақ. Оған қызметкерлер орналастырылып, басқармалар құрылған соң, облыстар арасында бюджет пен коммуналдық меншікті бөлу жұмысы басталады. Министрдің айтуынша бұл аймақтың даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартады. Биылдың өзінде Абай облысының жалпы өңірлік өнімі 2 триллион, Ұлытаудыкі 1,3; Жетісудікі 1 триллион 600 миллиард теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу