Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелерде 5,8 млрд теңгеге қаржылық құйтырқылықтар анықталды. Олардың 87 пайызы бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде жасалған. Сондай-ақ, бюджеттен бөлінген 7 млрд 541 млн теңге тиімсіз жоспарланып, жұмсалған. 2019-2021 жылдарға жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесі осындай. Медицина мамандарын даярлауға және денсаулық сақтау саласындағы ғылымды дамытуға соңғы 3 жылда 91 млрд теңге жұмсалса да, кадр тапшылығы жойылмады. Керісінше, екі есе көбейген. Шетелге кететін дәрігерлер саны да артты. Соңғы 5 жылда Қазақстаннан медициналық білімі бар 5 мың адам көшіп кетті. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елімізде жыл сайын 6 мың дәрігер дайындалады. Оларды оқытып шығару үшін, орташа есеппен 10 жылдай уақыт керек. Министр кадр тапшылығына осы және басқа да бірнеше фактор әсер ететінін айтты.
Нұрлан Катренов, ҚР Есеп комитеті департамент директорының орынбасары:
Соңғы 5 жылда медицина саласындағы кадр тапшылығы 2 есе көбейді. Бұрын 10 мың маман жетіспесе, қазір бұл көрсеткіш 23 мыңнан асып кетті. Адам жетіспегендіктен бір дәрігер екі лауазымда жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл медицина қызметкеріне түсетін жүктеменің артуына әкеліп соғады. Бұдан кейін дәрігердің жұмысына қатысты арыз-шағым көбейеді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Дәрігерлердің жетіспеушілігі мемлекеттік мекемелерде ғана. Көбі оқып, үйреніп, біраз жұмыс істегеннен кейін медицинаның жекеменшік саласына ауысып кетеді. Өңірлерден қажетті кадр бойынша түсетін барлық өтінішті орындаймыз. Алайда, жас дәрігерлер аймақта қалғысы келмейді. Жалақы аз болған соң және жұмыс істеуге жағдай болмағандықтан кетіп қалады.
Берік Көшербай