Шетелдіктер асырап алған қазақстандық балғындардың жағдайы қалай? Балалар жылына орай отандық дипломаттар шет мемлекеттердегі қаракөздеріміздің тұрмыс-тіршілігімен етене танысуға кірісті. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің консулы Қазақстаннан бала асырап алу құқына ие бельгиялық агенттік өкілдерімен, асыранды балалармен кездесті.
Бельгияда қазір 400-ден астам қазақстандық балғын бар. Дені елдің Фландрия аймағында тұрады. Бала сүю бақытынан айырылған ерлі-зайыптылар қаракөздерімізді «Кішкентай ғажайып» деп аталатын агенттік арқылы асырап алып отыр.
«Қазақтар келеді» дегенді естіп көппен бірге агенттікке алты жастағы Айдын да асығыпты. Қаракөзі мөлдіреп, тұлымшағы желбіреген ұлдың Өскемендегі балалар үйінен Бельгияға келгеніне биыл үш жыл. Құлағында мүкісі болғандықтан, көппен емін-жарқын әңгімелесуге қысылады-дейді анасы.
Шарлотт Вандерхейах, Айдынның анасы:
Мектептің бірінші сыныбында оқиды. Жазуды, оқуды үйреніп жүр. Сыртта футбол ойнағанды, жүзгенді жақсы көреді. Біз оны асырап алу үшін Қазақстанда 15 апта болдық. Қазақстан қандай әдемі ел екенін айтып отырамыз. 10 жасқа толғанда туған жеріне апарамыз. Сонда өзін өмірге әкелген ата-анасымен кездесемін десе, қарсы емеспіз.
Айдын мен өзге де қазақстандық балғындардың бөтен елге бауыр басып кетуіне Салтанат көмектесіп жүр. Ол Бельгияға Қазақстаннан асырап алынған тұңғыш бала. Ата-анасы Аннеми мен Пол Семейдегі балалар үйінен әкеткенде 1,5 жаста еді. Биыл 23-ке толды. Университетті тәмәмдап, қазір «Әлеуметтік қызметкер»ретінде осы агенттікте жұмыс істеп жүр.
Салтанат Бертлс, Қазақстаннан асырап алынған тұңғыш қыз:
2019 жылы туған жеріме бірінші рет сапарладым. Астана мен Алматыда, өзім дүниеге келген Семейдегі балалар үйінде болдым. Еліміз өте әдемі, табиғаты керемет, халқы тамаша. Өзіме ұқсаған адамдарды көріп қуандым. Асықпай саяхаттап, мәдениетімен танысу үшін жақында тағы да барамын. Туған анаммен кездескім келеді. Бірақ, ол туралы ақпарат аз. Таппай жүрмін. Егер сіздер оны іздеуге көмектессеңіздер, жақсы болар еді.
«Бельгиялықтар жәудіркөздерді жанынан артық бағалап, бар жағдайын жасап отыр»-дейді бала асырап алу агенттігінің жетекшісі Аннеми Пасхюйс. Осыған көз жеткізу үшін келген еліміздің Бельгиядағы елшілігінің консулы балаларға кәдесый тарту етті. Елден келген дәл осындай базарлықты дипломаттар жылдың соңына дейін Бельгиядағы барлық қазақстандық асыранды балаларға үлестірмек.