2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға артып, 3,4 млрд тоннаға жетуі мүмкін. Тұрмыстық қалдықтар күрделі экологиялық проблемалардың біріне айналды. Бұлай жалғаса берсе, сіз бен біз мекендеген Жер шары алып қоқыс полигонына айналуы әбден мүмкін. Ал Қазақстанда 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптар сақталмайды. Қоқысты қайта өңдеу мәселесі де ақсап тұр. Эльмира Кәленованың бейнематериалы.
Эльмира Кәленова, тілші:
Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына жерде полиэтелен пакеттер мен пластик бөтелкелерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл Петропавл қаласындағы жалғыз қоқыс полигоны. Талап бойынша бұл жерге мұндай тұрмыстық қалдықтарды тастауға болмайды. Заңды белшесінен басқан кәсіпкерді экологтар сотқа берді.
Табиғатқа адамзаттан артық залал келтіретін тіршілік иесі жоқ. Жұмыр жерді мекендеген әр адам күніне орта есеппен 1,5 келі тұрмыстық қалдық шығарады. Ал қазақ даласында 22 млрд тонна қоқыс жиналған. Бұл арнайы есепке алынған мәлімет. Елімізде 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейді. Оның зардабын да өзіміз тартып отырмыз.
Лаура Мәлікова, «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» басқармасының төрайымы:
Жерасты суларынан қорғап тұратын ешқандай қабаты жоқ. Ол қалдықтар тонналап, үсті-үстіне жиналып жатыр. Содан шаққан сйық, лас заттар ерасты суына өтсе, сонда жаңағы мәселенің көкесі сонда болады.
Солтүстік Қазақстанда тұтас ауыл тұрғындары қоқыстың түтініне тұншығып отыр. Жаз келсе Қызылжар ауданына қарасты Шахавское елді мекенінің іргесінде тұрмыстық қалдықтар полигоны күн сайын өртенеді. Оған қоқыстың талапқа сай жиналмауы, яғни сұрыпталмауы себеп. Қағаз, пластик пен полиэтелен күннің қызуымен өздігінен тұтанып, ауаны ластайды.
Жел болса-ақ біздің ауыл сасып кетеді. Сосын ол арадан біз өтіп жатқанда иттер шулап шығады. Бірнеше иттер сонда тұрады. Сосын өзі жайылып жатыр.
Қоқыс алаңының жанынан өткенде айналаға тарап жатқан иіс қолқаны қабады. Маңайы қорқынышты. Ауылға қонақ келгенде де ұяласың. Кейде қоқыс қатты өртенгенде көлікте отырып, жолды көрмейсің
Теріскейде қоқыс төгетін 450 орын анықталған. Оның 16-сы ғана ресми тіркеліп, заңды жұмыс істеп тұр. Петропавл іргесіндегі Бескөл ауылында да қоқыс мәселесі көп жылдан бері шешілмей келеді. Елді мекен іргесіндегі 8 гектар шүйгін жер қоқыс үйіндісіне айналды.
Қанат Дәрібаев, Бескөл ауылдық округінің әкімі:
Полигон салуға жер жоқ, өйткені солтүстік бөлікте қала орналасқан. Батыс бағытында Есіл бассейні су арналары, оңтүстік жіне оңтүсітік-шығыс бағытта Смирновтық мемлекеттік заказник орналасқан. Соған сәйкес біз экологиялық нормаларға әйкес біздің қазір полигон салуға мүмкіндігіміз жоқ.
Қайыржан Айсин шетелде тәжірибе шыңдаған. Қазір Қазақстанда қоқыс жинап, нәпақасын тауып жүр. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, қайта өңдеуге тапсырады. Ол жергілікті халықтың экологияны қорғау мәдениеті қалыптаспағанын айтады.
Қайыржан Айсин, кәсіпкер:
Бөлек контейнерлер тұрғанымен, көпшілік қоқысты бір пакетпен тастай салады. Өйткені олар тұрмыстық қалдықтарды полигонда жинаудың зардабы жайында ойланбайды. Біреулер экологияны сақтап қалу өз қолымызда екеніне сенбесе, екіншілеріне жалқаулық жар бермейді. Осыған қарамастан, Еуропа мемлекеттеріндегідей өмір сүруді армайндайды. Бірақ өздері жақсы өмір сүру үшін әрекет етпейді.
Елімізде жылына орта есппен 5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиалады. Оның 20 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны полигондарда шіріп, қоршаған ортаны ластап жатыр. Қоқысты шикізат ретінде пайдаланып, кәдеге жарату жағы ақсап тұр.
Сергей Благовенко, жүк көлігінің жүргізушісі:
Халық контейнерлерге құрылыс қалдықтарына дейін салады. Тіпті тұрмыстық техника мен жиһаз да кездеседі. Бұны көргенде қоқысты іріктеп жинау жөнінде айту тіпті қиын.Тұрмыстық қалдықтарды үнемі іріктейміз дей алмаймын. Кейде балалар қоқыс жәшігіне бәрін салып жібереді. Көбіне контейнерлер толып тұрады. 100 пайыз емес, бірақ іріктеуге көңіл бөлемін. Үйде қоқысты бөліп жинайтын екі жәшік бар.
Алматы облысында 400-ге жуық заңсыз қоқыс алаңы анықталды. Оның 40-тан астамы Талдықорған қаласының маңында. Тұрмыстық қалдықтар бей-берекет тасталған орындарды табуға ғарыштық бақылау септігін тигізді. Мұны мамандар ешқайда шықпай ақ жер серігімен түсірілген суреттерден қарап біліп отырады. Биылдың өзінде экологиялық заңнаманы бұзған 59 лауазымды тұлғаға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Данияр Өмірбеков, Алматы облыстық экология департаментінің бас маманы:
Ғарыштық түсірілімдер ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалғасатындықтан заңсыз қоқыс орындарының саны әлі де көбеюі мүмкін.
Қоқысты арнайы орынға төгуге ерінген тұрғындар мен кәсіпорындар түнгі уақытты пайдаланып, қалдықтарды тау қылып үйіп кетеді. Халық қоқысты төгеді. Оны жинау үшін қала әкімдігі бюджеттен қаржы бөледі.
Рамиль Рахымбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
Биылғы жылы 15 млн теңге бөлінген. Бірақ конкурс бойынша 8,5 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда 1400 тонна қоқыс шығарылған.
Елорда маңындағы картина да осы. Астана іргесіндегі елді мекендерде де тұрмыстық қалдық полигондарының мәселесі шешімін таппай келеді. Ал дамыған елдер сол қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жаратып отыр. Мәселен Еуропа мемлекеттерінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін 500 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қоқыс тапшы болғандықтан, оны өзге елдерден тасымалдайтындары да бар. Ал Қазақстанда әзірге пластик, қағаз, шыны, металл сынды қалдықтар ғана қайта өңделеді. Онымен айналысатын зауыттар саусақпен санарлық. Ал мамандардың пікірінше жағымсыз үрдіске тосқауыл болмаса экологиялық апаттың ауылы алыс емес.
Эльмира Кәленова