Жамбыл облысы: Ауыл тіршілік нәрінен тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысы: Ауыл тіршілік нәрінен тарығып отыр

10.06.2022

Жамбыл облысында тағы бір ауыл тіршілік нәрінен тарығып отыр. Жуалы ауданындағы 4000 мың тұрғыны бар Шақпақата елді мекенінің тұрғындары, екі жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарының аяқталмай отырғанына қапалы. Оған себеп, мердігерге тиісті қаржы толық төленбеген соң шаруаны орта жолдан тастап кеткен. Ал, базынасын айтып бас көтерген тұрғындарға ауыл әкімі бәле іздеп жүрсіңдер деп, дүрсе қоя беріпті.

Сырлау Әбдікәрімова 8 баланың анасы. Бұл ауылға келін болып түскелі 50 жыл болыпты. Содан бері жарты ғасыр өтсе де қолдан қазған құдықтың суымен күнелтіп келеді. Терең қазылмаған құдық суы жаңбыр жауса лайланып, ішіуге жарамсыз болып қалады. Лас суды тұндырып барып тұтынуға мәжбүрміз дейді кейуана.

Сырлау Әбдікәрімова, ауыл тұрғыны:

«Бір күн кешке дейін тұнып тұрады. Шелек шелекке қазір құяды бәріне. Жағдайым осы менің. Ешкімге барып жалынбай, пенсиядағы адамдар тыныш отыр дейді. Тыныш отырамыз.

Созбалаңға салынған құрылыс жұмыстары сапасыз істелген. Құбыр тартқан компания да құлықсыз жұмыс істеп, бастағын ісін аяқтамай кеткен.

Мақсат Мейірманов, ауыл тұрғыны:

«Істеген тірліктердің мынау мердігерлердің соңына дейін бітірмеген тірліктерін. Жарты жолдан қалдырып кеткен. Қазған жерлерін қалдырып кеткен. Колодецтер дұрыс емес, қақпақтары дұрыс емес. Біздің аймақтың чатына сұрақ қойған кезде тікелей ешкім жауап беріп жатқан жоқ.

Тілшілердің келгенін естіген соң ауыл әкімі де жетті. Бірақ, шағым айтқан тұрғындарға пәле іздеп жүрсіңдер деп бас салды...

Затыбек Пәшенов, ауыл әкімі:

«Е айналайын саған ешкім, газетке жазылып тұр. Чатқа жазылып тұр, былай ескертіліп жатыр. Сенікі бәле іздеу ғой әшейін. Басқа вопрос жоқ қой.

Елдімекенге 2020 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орталықтандырылған ауыз су жүйесін жүргізу басталған. Оған қазынадан 720 миллион теңге бөлінген. Бірақ мердігерге қаржының соңғы бөлігі жетпей, жұмыс тоқтаған.

Ерболат Сейтбеков, Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

«Бізге 2021 жылы ақшасы толық қаралатын болған. Бірақ енді осы қаржы тапшылығына байланысты, республикалық бюджеттен қалған қаржысы бөлінді. Осы шілде айында төлеп беру жоспарланып отыр оларға».

Ауданда 49 елді мекен бар. Оның 18-не әлі орталықтандырылған су жүйесі салынбаған. Ал әкімдіктегі жауапты бөлім басшысы 2025 жылға дейін аудандағы барлық ауылды ауыз сумен қамтамасыз етеміз деп отыр.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу