Алматыда көпқабатты үйлердің жертөлесін жыландар қаптап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көпқабатты үйлердің жертөлесін жыландар қаптап кеткен

10.06.2022

Алматыда көпқабатты үйлердің жертөлесін жыландар қаптап кеткен. «Зерделі» ықшам ауданының тұрғындары сыртқа шығуға қорқатын болдық,- дейді. Әсіресе, кішкентай балалар үшін алаңдап отыр.

Ықшам аудан тұрғындарының зәре-құты әбден қашқан. Күн ара сұр жыланға кезігіп қалады. Тіпті, жертөледен ордасын көргендер бар. Абырой болғанда, әзірге ешкімді шаққан жоқ.

Екатерина Тян, тұрғын:

Мына кіреберістен жарты метрлік жыланды бірнеше рет кездестірдім. Айналамызда бос жатқан жер көп. Мүмкін сол жақтан келетін шығар. Балам баратын балабақшада да жыландар шығыпты деп естідім. Енді алаңдай бастадым.

Дана Рахымова, «Зерделі» ықшам ауданының учаске жетекшісі:

Менде 80 үйдей бар обслуживаниеде. Күнде хабар береді жительдер, жалоба жасайды. Жылан подвалға кірді, крыльцоға кірді деп. Балалар уже шошиды, далаға шығуға қорқады. Ана жолы айтқан, что дезинфекция локальный жасағанбыз. Мен бірақ өз көзіммен көрген емеспін. Біз білмейміз, ол жылан ядовитый жылан ба, ядовитый емес пе.

Шағын аудан жаңадан салынып, шалғайда орналасқандықтан, айналада жасыл желек көп, өзен де бар. Сондықтан, жыландар осы жақты көп мекендейді дейді, - герпетолог Юлия Зима. Бұған қоса, тұрғындар айналаға көп қоқыс тастайды.Оған тышқандар жиналады. Ал тышқандар болса - жыландардың ең негізгі қорегі.

Юлия Зима, Зоология институтының герпетолог маманы:

Қала қарқынды дамып келеді, жыландар мекендеген далалардың орнында жаңа ықшам аудандар пайда болып жатыр. Жерді игергеннен кейінгі алғашқы жылдарда жылан шығады, бірақ бірте-бірте жоғалып кетеді. Көбінде кездесетіні, су жыланы мен кәдімгі сұр жылан. Олар адамға қауіп туғызбайды.

Маманның сөзінше, Алматы қаласының маңында улы жыланның екі түрі ғана мекендейді. Олар – дала жыланы мен кәдімгі қалқантұмсық. Ал мегаполисте адамдар көбіне өрнекті және су жыланын кездестіреді. Десек те, сақтық шараларын сақтаған жөн, - дейді ол. Шағып алған жағдайда шұғыл түрде дәрігерге жүгіну керек.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу