Өскеменде кене энцефалитіне тағы бір адам шалдықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде кене энцефалитіне тағы бір адам шалдықты

10.06.2022

Өскеменде тағы бір адам кене энцефалитіне шалдықты. Ол зиянкес шаққан соң дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген. Қазір денсаулығы жақсы, ем-дом алып жатыр.

Мамандар кене шаққан жағдайда бірден дәрігерге қаралуды ескертеді. Өйткені жәндік тістеген соң қанға вирус түссе, адам мүгедек болып қалуы ықтимал. Ал кене энцефалитіне шалдыққан адамның бастапқыда басы айналып, лоқсып, қызуы көтерілуі мүмкін.

Жалпы, шығыста биылдың өзінде 2 мыңдай адамды кене шаққан. Оның 30 пайызы 14 жасқа дейінгі бала. Дегенмен мамандардың айтуынша өткен жылдармен салыстырғанда зиянкестен зардап шеккендер саны биыл әлдеқайда аз. Кене энцефалитіне шалдыққан екі науқас та дәрігерлердің бақылауында.

Бағлан Тауанова, облыстық Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
Науқастар кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінбегендіктен, оларға профилактикалық мақсатта кенеге қарсы иммуноглобулин салынған жоқ. Науқастар қазіргі уақытта арнайы ем қабылдауда. Олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында.


Хабарламаларға жазылу