Атом электр стансасы Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңына салынады. Бұл туралы елордада өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысынан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Қазір оны салудың технологиялары қарастырылып жатыр екен. Алқалы жиынға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Басқасуда сондай-ақ, экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.
Жаһандық логистика жүйесінің бұзылуы, сауда соғыстары, бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым – бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес жаңа ойын ережелеріне тез бейімделуі керек. Біз тек осылай ғана бәсекеге қабілеттілігімізді сақтай аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дәл осындай тәсіл бізге орташа табыстың қыспағынан шығуға, дамудың келесі деңгейіне өтуге жол ашады. Сондықтан біз, шын мәнінде, еліміздің нарықтық, еркін әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырып жатырмыз. Осыған байланысты инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсартуға да ерекше көңіл бөлеміз. Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне өтті. Елде мен ұсынған демократиялық реформалардың ауқымды бағдарламасы рет-ретімен жүзеге асып жатыр.
Нарықтағы еркіндік пен бәсекелес экономика құру қазіргі басты мақсат. Климаттық өзгерістердің сезілуі, оның ішінде ауа температурасының жоғарылауы бүкіл әлемде байқалады. Мұның барлығы кідіріссіз жүйелі іс-шаралар қабылдауды талап етеді. Сондықтан энергетика саласын жаңғырту біз үшін айқындаушы мәнге ие, деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі.
Алпауыт компания басшылары мен инвесторлар жасыл экономиканы дамытуға байланысты өз ұсыныстарын да айтты. Азия даму банкі Алматыдағы екінші жылу электр орталығы жобасын қаржыландыра алатынын айтса, Америкалық «Дженерал Электрик» компаниясы атом электр станциясын салуға технология ұсынды. Ал Еуропалық қайта құру және даму банкі отыз жылда Қазақстанда 11 милиард доллар болатын 300 жобаны жүзеге асырған. Ары қарай да бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз, дейді.
Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
Президенттің қабылдауында болдым. Тұщымды әңгіме болды. Еуропа банкіне Қазақстан өте маңызды. Өткен жылы біз 600 млн еуро инвестиция құйдық. Негізгі басымдық жасыл экономика мен декорбонизация. Сосын инфрақұрылым бағыты бойынша да инвестиция салып келеміз. «Жасыл қала» бойынша бізге Алматы, Өскемен, Семей, Шымкент қалалары қосылды.
Іс-шара барысында бірнеше мұнай-энергетикалық компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Олардың ішінде станция салу бойынша Франциялық Тоталь Энерджис компаниясымен де меморандумға қол қойылды.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Баламалы жаңартылатын энергетика, яғни бұл желден өндірілетін электр қуаты. Сол бойынша Алматыда 1 гвт станция құрылысын тезірек бітіргіміз келеді. Оған дейін бір шешімге келуіміз керек.
2060 жылға дейін көмірден бас тарту мақсаты жетуге болады. Алайда түбегейлі емес. Себебі көмір өнеркәсібінде шамамен 30 мың адам жұмыс істейді. Көмірден бас тарту біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ал күн және жел энергиясына толық көшу үшін газды транзиттік отын ретінде қарастырып отырмыз дейді сарапшылар. Бұл жасал экономикаға инвестор тартуға да мүмкіндік бермек.
Ник Кош, «PWC» компаниясының орталық азиядағы атқарушы:
Жасыл энергнетикаға көшу бүкіл әлем үшін маңызды. Әлемде инфляция деңгейі өсіп, экономика үлкен кедергілерге тап болған сәтте Қазақстанға тікелей инвестиция тартуды арттыру керек. Қазір пандемиядан кейін экономика қалпына келтіруді қарастырып жатырмыз. Қазақстанда бұл тарапта мүмкіндік көп. Инвесторлар бұл елде таңдау жасай алады. Сіздерге экономиканы цифрландыру да дамыта берген дұрыс.
Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір маңызды міндет – аумақтарды көгалдандыру және жаңа алқаптарға ағаш отырғызу. 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, президент Үкіметке Теңіз кен орнының акционерлерімен бірлесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырды.
Саламат Омаш