Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдады. Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, пандемияға қарсы іс-қимыл және гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Амина Мұхаммедтің бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрыс кезең – жалпыұлттық референдум өткізумен тұспа-тұс келгенін айтып, референдум қорытындылары Жаңа Қазақстанды құру ісіне кірісуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, Президент көпжақтылық қағидат пен халықаралық дипломатияны қалыптастырып, дамытуда дүниежүзілік ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға бейілді екеніне тоқталып, оның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі күн тәртібін толық қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі заманның күрделі сын-қатерлері жағдайында орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін кезек күттірмейтін және ауқымды шаралар қабылдау маңызды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан бірқатар нақты шаралар қабылданып жатыр. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру ісіндегі өзіңіздің көшбасшылық қасиетіңізді жоғары бағалаймын.
Асима Нұрбайқызы