Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге ортақ жоба жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге ортақ жоба жетіспейді

09.06.2022

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Каспий теңізі арқылы логистиканы дамытып, тауар тасымалын арттыратын ортақ жобаны қарастыруы тиіс. Бүгін «Қазақстан мен Ресей» Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жаңа бағыттар» деп аталған жиында осы ұсыныс айтылды.

Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук бастаған бір топ делегация қатысты.

Одаққа мүше елдерге ортақ жоба жетіспейді. Мәселен, Каспий теңізі арқылы мүмкіндікті кеңейтуге болады. Транспорттық-логистикалық әлеуетті дамытып, әлемдік нарыққа шығу, сол жобаның аясында корпорация құру, тіпті қаржыландыруды реттейтін банк ашу мәселесі де айтылды. Тараптар ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған осындай жобаларды зерттеп-зерделеп, ортақ шешімге келуге ниетті. Пандемия кезеңіне қарамастан Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы өткен жылы 29 пайызға өсіп, 24,2 млрд долларға жетті. Жиын ертең де жалғасады. Онда Ресейден келетін тауар тасымалына қатысты кедергілер мәселесі де қарастырылмақ. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Ең бірінші қоятын мәселе - барьерлерді жою. Өйткені мұндай кедергілер экономикаға тікелей әсерін тигізіп отыр. Мысалы, қант, бидайды шығару. Біз осы мәселені көтеріп отырмыз. Біздің бизнеске де, экономикаға тікелей әсер етеді.


Хабарламаларға жазылу