Қостанай облысында киіктер егіс алқаптарын таптап тастады. Жангелдин ауданына қарасты Бидайық ауылының шаруалары осылай деп шағымданды. Облыстың оңтүстігіндегі бұл аумақта астық шығыны онсыз да төмен. Диқандар гектарына 8 центнерден өнім алса, соны қанағат тұтады. Ал киіктердің кесірінен бұл көрсеткіш былтыр 2-3 центнерге дейін азайған.
Барлығы 10 мың гектарға дән сепкен алты шаруа «дақылды күтіп баптаудың орнына, киіктерді қорумен әуреміз» деп налиды. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы - алқаптарды қоршау. Алайда оған қыруар қаржы қажет. «Бұл жұмысты мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес»,- дейді шаруалар.
Қайрат Райысов, шаруа:
Менің өз жерімді былтыр есептегенімде қоршау үшін 125 млн теңге қажет. Бұл мен үшін екі комбайнның құны. Жалғыз мен емес, басқалар да бар. Бұл ақша әжептәуір өседі. Мысалы, шетелдерде аңды қорғау үшін заң қабылдағанда оның бәрінде қоршау қарастырылған. Сол жерді қоршап берсе.