Қаржы пирамидасы: Жарнамалағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы пирамидасы: Жарнамалағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

08.06.2022

Қаржы пирамидасын насихаттап, жарнамалағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Қаржы пирамидасына жарнама жасайтындарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді депутаттар ұсынып отыр. Өйткені, елімізде алаяқтарға алданып, қолындағы ақшасынан, дүние-мүлкінен айырылып жатқандар көбейген.

Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларынан зардап шекті. «Тез әрі оңай баюға» асыққандар 54 млрд теңге жоғалтты. Ал биыл алаяқтардың арбауына түскендер 600 млн теңгеден айырылып үлгерді. Полиция соңғы 5 айда 27 қылмыстық іс тіркепті. Сондықтан, депутаттар қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр. Заң жобасында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Юрий Ли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы бапты енгізгеннен кейін атақты адамдар, блогерлер мен вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір жетекшілері белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде анағұрлым мұқият және жауапты болады деп сенемін.

Қылмыстық жолмен алынған ақшаларды заңдастырғаны үшін де қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Атап айтқанда «мүлікті тәркілеу» түріндегі жазаны белгіленеді. Жалпы, бұл заң жобасы көлеңкелі экономикамен күресуге, қаржыны шетелге заңсыз шығаруға тосқауыл болады.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мен білетін ақпаратқа сәйкес, 147 млрд АҚШ долларын қайтару жұмысын бүгінде жұмыс тобы бастап кетті. Оның ішінде, заңсыз жекешелендіру мәселесін де мұқият қарайтын болады. Бұл өте дұрыс. Бұл шығып кеткен ақшаны қайтару мәселесі ғой. Ал мына заңдарды қабылдап жатқан себебіміз, келешекте осындай шығып кету мәселесі болмас үшін.

Алдағы уақытта еліміздегі біраз заңнамалық актілер өзгермек. Себебі саяси өзгерістер жасау үшін алдымен сапалы заңдар болу керек. Референдумда қазақстандықтардың басым бөлігі Президенттің жаңғыру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Бірақ, бұл үлкен істің басы ғана, деді мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бірлік пен сенім – «Жаңа Қазақстанның» негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім бар, ауызбірлік бар, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Сондықтан Мемлекет басшысының сенімін ақтап, саяси өзгерістерді заңнамалық тұрғыда сапалы әрі жедел іске асыруымыз қажет.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу