Мемлекет басшысының жарлығымен ресми түрде құрылған өңірдің бірі - Ұлытау облысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының жарлығымен ресми түрде құрылған өңірдің бірі - Ұлытау облысы

08.06.2022

Мемлекет басшысының жарлығымен ресми түрде құрылған өңірдің бірі - Ұлытау облысы. Бүгін жаңа аймақта облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп, хатшысы сайланды. 

Ұлытау облысы мәслихатының хатшысы болып Бауыржан Шыңғысов сайланды. Ол өндіріс саласында басшылық лауазымдарда, сондай-ақ Жезқазған, Сәтбаев қалаларында әкім қызметін атқарған. Алдағы уақытта өңірге әкім сайланады. Оған жаңа тәртіп бойынша кемінде екі кандидатура ұсынылады.

Жергілікті халық әкімшілік-аумақтық өзгерістен оң нәтиже күтеді.

Қазір облыс орталығы Жезқазғанда мекемелерді орналастыру бойынша мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Жоспарға сай облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына көшіп, алдағы 3 жылда жаңа ғимарат беріледі. Облыс орталығына қоныс аударып жатқандарға да жаңа үйлер салынады.

Нұржан Орынбаев, Мемлекеттік органдарды орналастыру бойынша комиссия төрағасы:

Жезқазған қаласының батыс тұрғын үй аумағында жаңа қалалық әкімшілік орналасатын болады. Онда 7 ғимарат салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ Жезқазғанға көшіп барып тұратын мемлекеттік қызметкерлерге 162 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек. Сондай-ақ 31 млрд.теңге сомасында инженерлік инфрақұрылым тарту керек болады.

Осылайша тұрғын-үй құрылысына шамамен 50 млрд.теңге жұмсалмақ. Ал, әкімшілік ғимараттарға 14 млрд.теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд.теңге қаржы керек. Жұмыс орындары ашылады. Мемлекеттік қызметкерлердің штат лимиті үкімет қаулысына сай жасақталады.

Ұлытау облысының өндірістік әлуетінен бөлек туризмді жандандыруға мол мүмкіндіктері бар. Ол үшін өңірдің инфрақұрылымын, туристік кластерін жан-жақты дамыту керек,-дейді мамандар. Алдағы уақытта бұл салаға да жеке инвестициялар тарту көзделген.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу