Петропавлда жалған шот-фактура жасаумен жүйелі түрде айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Кінәлі деп танылғандар екінші деңгейлі банктер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
2018-2020 жылдар аралығында әрекет еткен қылмыстық топты Петропавл қаласының тұрғыны ұйымдастырып, басқарған. Олар коммерциялық ұйымдарға салық төлеуден жалтару мақсатында басқа компаниялар арқылы жалпы сомасы 1,4 млрд теңгенің жалған шот-фактураларын жасап берген.
Аталған фактіні Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті анықтады.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді. Ол 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері мүлкі тәркіленіп, 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Петропавл қалалық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды.