Президент: Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды

07.06.2022

Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді ғана басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Мемлекет басшысы кешегі референдумнан кейінгі үндеуінде осылай деді. Яғни, қызу жұмыс енді басталмақ. Басты қағидат - әділеттілік. Ал ол толық орнауы үшін ақшаны миллиардтап шетелге аударғандардың ісі де майшаммен қаралады.

Жаңа конституция Жаңа Қазақстанның келбеті. Негізгі құқықтық негіз қалыптасты. Ендігі міндет ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу қажет. Осы жұмыстың алғышарты ретінде кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен жекенің қолына өткен ондаған стратегиялық нысан мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыс енді қарқын алмаса, бәсеңдемейді. Себебі кәсіпкерлік ортада әділетті бәсеке болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.

Мансұрхан Махамбетов, Парламентаризм институтының директоры:

Жалпы нарықтық экономикада монополия болуы керек, монополия өте табысты болуы керек. Егерде ол бір жаңалық ашатын болса. Мысалы айфон, планшет басқа да нәрселерді сен шығаратын болсаң, әрине сен монополист боласың. Себебі сен оны ойлап таптың. Ал бірақ мынау газ, су, свет болмаса басқа теміржол дейміз ал бұл жерде қаншалықты монополия жасап адам бай бола алады? Қаншалықты дұрыс деген мәселе бар. Түсіндіңіз ба, бұл жерде бұл салада монополистер баитын заман емес.

Тәуелсіздік жылдары елдің болашағын емес, қалтаның қамын ойлағандар миллиардтап ақшаны шетелге шығарды. Кей деректерге сенсек бұл сома 100 миллиард доллардан асады. Алайда елдің ақшасы сұраусыз кетеді дегендер қателеседі. Президент бұл жұмысты қатаң бақылауына алды. Кешегі үндеуде осы мәселеге тағы бір мәрте тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. Елден шығарылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым.

Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:

Ақшаны қайтару алдында тергеу жүргізілу керек. Әрине сосы сот шешімі болу керек. Бұл өте маңызды сұрақ. Билік үшін, әрине халыққа да әсері бар. Бұл қаражаттың қайтарылуы еліміздің экономикасына түседі. Кейін бұл қаржы жалақыға айналады. Басқа да қаржы инструменттеріне айналады. 

Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Президент мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау екенін қадап айтты. Бастысы сан саладағы өзгерістер қарапайым халықтың өмірін жақсартуға үлес қосуы керек. Сонымен қатар бұдан былай озбыр полиция, біліксіз прокурор, біржақты судьяларға жаңа әділетті Қазақстанда орын жоқ. Қоғам мен бизнес өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұраныс артты. Енді құқықтық жүйе осы талапқа сай жұмыс істейді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу