Ата заң 5 рет өзгертілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата заң 5 рет өзгертілді

06.06.2022

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы Жоғарғы кеңесте қабылданды. Екі жылдан кейін, 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін бүкілхалықтық референдум өтті. Содан бері ширек ғасырда Ата заң 5 рет өзгертілді. Бас құжатқа қандай негізгі түзетулер енгізілді?

1995 жылы республикалық референдум арқылы қабылданған Ата заң 3 жылдан кейін, 1998 жылы өзгеріске ұшырады. 19 бапқа өзгеріс енді. Конституциядан «Президенттің жасы 65 жастан аспауы керек» деген шектеу алынып тасталды. «35 жастан асқан адам Президент болып сайлана алады» деген сөйлем «40 жастан асқан» деп өзгертілді. Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі 7 жылға ұзартылды. Сенаторлар 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланатын болды.

2007 жылы Парламенттің бірлескен отырысы Конституцияны небәрі 17 минутта өзгертті. 30 түзету енгізілді. Негізгі түзетулер Президент мәртебесіне қатысты болды. «Бір адам қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлана алмайды» деген тармаққа «Бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосылды. Мемлекет басшысының өкілеттігі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Сенат пен Мәжіліске өз өкілдерін ұсынуға мүмкіндік алды.

2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. Осыған сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау және өткізу ережелері өзгерді. 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Парламент өзгерістерді 2 күнде қарап мақұлдады. Олардың ең негізгісі - Президенттікке үміткер жоғары білімді болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтегі немесе сайлау арқылы тағайындалған мемлекеттік лауазымдық қызметтегі еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Тағы бір өзгеріс - егер Мәжіліс қайта сайланатын болса, Үкімет жұмысын тоқтатады. 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгеріске ұшырады. Елорда атауы Астана Нұр-Сұлтанға өзгертілді.

Ата заңға қатысты жалпыхалықтық референдум ел тарихында екінші рет өтіп жатыр. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді дауысқа салу жүзеге асса, негізгі заңның үштен бір бөлігі қайта жазылады. 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгереді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу