Павлодар облыс бойынша 513 мыңға жуық азамат дауыс беру құқығына ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облыс бойынша 513 мыңға жуық азамат дауыс беру құқығына ие

05.06.2022

Павлодар облыс бойынша 513 мыңға жуық азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың 70 пайызға жуығы қалалық жер, яғни, Павлодар, Ақсу және Екібастұз тұрғындары. Жазушы, ақын, қоғам қайраткері Серік Елікбай өзі тіркелген дауыс беру учаскесіне алғашқылардың қатарында келді. Елдің ертеңі үшін алқынып соғатын жүректің көптігі қуантады-дейді ол.

Серік Елікбаев, жазушы, қоғам қайраткері:

Келген көктеммен бірге ел қозғалды. Елмен бірге сең қозғалды. Сең қозғалғаннан кейін артынан жылылықтың келетіні анық. Жыл құстары жетеді. Және жақсылықты қанатына байлап келеді-деп үміттенемін. Сол үмітімнің алғашқы бастау, қарлығашы деп таныдым осы референдумды.

Ал, Ақтау қаласында 78 учаске бар. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Референдумға қатысып, таңдау жасаған тұрғындардың арасында еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін жүр. Олай дейтініміз, кейбір отбасылар референдумға балаларын ертіп, құдды бір мерекеге келгендей тамаша көңіл-күймен келген. Солардың бірі – Оңғарбековтер отбасы. 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырған Бердәулет пен Ақжамал да таңдауларын жасады.

Ақжамал Жаманбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бұл референдумға кешеден бері отбасымызбен дайындалдық. Бүгін енді бір мерекеге келгендей күйдеміз. Дауыс беріп шықтым жап жаңа. Жарқын бюолашағымыз үшін, балалардың болашағы жарқын болсын деп жасалып жатырған ізгі іс деп ойлаймын. Қазақстанымыз өркендей берсін, дами берсін.

Ел тарихындағы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллина да тарихи сәтте таңдауын жасап референдумға қатысты. Жүзу спортымен белсенді түрде айналысып, әлемдік деңгейде өзін мойындатқан халықаралық спорт шебері, Тараз қаласындағы №464 учаскесіне барып, көпшілікпен бірге дауыс берді. Паралимпиада чемпионы референдум - өзгеріс пен жаңашылдықтың бастамасы болатынына сенеді.

Зульфия Габидуллина, жүзуден тұңғыш паралимпиада чемпионы:

Мен бүгін осындай маңызды сәтте өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Өйткені осы өзгерістердің барлығы еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгін өз таңдауымды жасады.

Жамбыл облысы референдумға дауыс беру жөнінен белсенді өңірлердің қатарында. Саяси іс-шараға аймақтың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастардан бөлек спортшылар да қатысуда.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу