Референдумда саяси партия жетекшілері дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдумда саяси партия жетекшілері дауыс берді

05.06.2022

Референдумға елдегі саяси партиялар да белсенді қатысты. Өйткені Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың ішінде партиялардың парламенттегі фракциясының жұмысына қатысты баптар да бар.

Референдумның алдында аймақтарды аралап, үгіт жүргізген «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов республикалық саяси науқаннан қалыс қалмасы анық. Ол елордадағы №130 сайлау учаскесінде дауыс берді. Қазақстан халық партиясына екі ай бұрын ғана төраға болып сайланған Ермұхамед Ертісбаев та өз таңдауын жасады.

Ермұхамед Ертісбаев, Қазақстан халық партиясының төрағасы:
Бүгін мен ертемен 20 жуық учаске аралап өттім. Барлық жерде келген халықтың саны өте көп. Ол халықтың жаңа өмірге деген сенімін және үмітін көрсетеді. Мен бұған дейін прогнозымда халықтың 70 пайызы, тіпті одан да көп келеді деп болжап айтқам.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев та дауыс берушілер көп екенін байқаған. Ол өзгерістер елдің дамуы үшін маңызды деген пікірде.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев елордадағы №122 референдум учаскесінде дауыс берді. Мәжіліс депутаты саяси науқанның ел тарихындағы мәні мен маңызы ерекше екенін айтты.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
Мемлекет басқару жүйемізді жаңа модельге келтіреді, өмірімізге жаңа бір серпін береді деп үміттенеміз. Халық өте жақсы келіп жатыр. 

Қазірдің өзінде референдумға қатысқандар саны дауыс беру құқы бар азаматтардың жалпы санының тең жартысынан асып түсті. Демек референдум өтті деп есептеледі.


Хабарламаларға жазылу