Бүгін – Конституция күні. Республикалық референдумда қабылданған, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз – Конституцияға бүгін 19 жыл толып отыр.
Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйек күні күшіне енді. Ата Заң 9 тараудан, 98 баптан тұрады.
Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерді орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Конституция күні – барлық қазақстандық үшін қасиетті мереке. Әрбір Қазақстан азаматы Тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін Конституцияны құрметтегені жөн. Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді.
Сондықтан, қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту.