Ұлыбританияда тұратын қазақстандықтар белсенді түрде референдумға қатысады деп сенемін - Жанболат Үсенов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда тұратын қазақстандықтар белсенді түрде референдумға қатысады деп сенемін - Жанболат Үсенов

05.06.2022

Ал Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі жанында орналасқан сайлау учаскесінде референдумның басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Өйткені Лондон Нұр-Сұлтан уақытынан 5 сағат артта. Қазір бізбен тікелей байланысқа Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова шыққалы тұр.

Марина Бекенова, тілші: 
Мен қазір Елшілік жанындағы №244 сайлау учаскесінің алдындамын. Kazakhstan House, яғни Қазақстан үйі деген маңдайшасы бар ғимараттың төбесінде көк туымыз желбіреп тұр. Лондонда әдеттегіше күн бұлтты, жаңбыр сіркіреп тұр. Соған қарамастан таңғы 7-де ашылған учаскеге дауыс берушілер келіп жатыр. Айта кету керек, Лондонда Ұлыбритания Патшайымы Елизавета екіншінің таққа отыруына байланысты іс-шаралар өтіп жатыр. Қоғамдық көлік тоқтап, кептелістер пайда болды. Бірақ, жерлестеріміз келіп үлгеріп жатыр.
 Жанболат Үсенов, №244 дауыс беру учаскесінің төрағасы: 
Біз қазақстандықтар осы елшілікке келіп жете алмайды деп қорқып едік. Алайда таңертең сағат 7-де біз учаскемізді ашқан кезде елшілік алдында кішігірім кезек жиналып қалды. Сондықтан осыған қарағанда мен Ұлыбританияда мекен тапқан қазақстандықтар келіп, белсенді түрде референдумға қатысады деп сенемін.
Айта кету керек референдум туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап, 400-ден астам адам елшілікке алдын ала тіркелген. Олардың барлығы Ұлыбританияда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары. Елшілік дауыс беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Ұлыбританиядағы референдум барысы туралы алдағы шығарылымдарда хабардар ететін боламыз. 

Хабарламаларға жазылу