Ақмола облысында 600-ден астам елдімекенде тұрғындар дауыс беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 600-ден астам елдімекенде тұрғындар дауыс беруде

05.06.2022

Ақмола облысында 718 референдум учаскесі жұмыс істеуде. Қаланы айтпағанда, өңірдегі 600 ден астам елдімекенде ауыл тұрғындары өз таңдауын жасауда.

Ермек Елберген, тілші:

Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр — үлкен ауыл. Елдімекенде 4 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Аулаларда музыка қосылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Біз ауылдағы нөмері 2-інші учаскеге келдік.

Мұнда 2300 азамат тіркелген. Тұрғындар таңмен таласып, таңдауларын жасауға асықты. Ерте келгендердің көбі егде жастағылар, десе де, жастар да байқалады.

Айтбай Ыбыраев, ауыл тұрғыны:

Бүгінгі, міне, референдум өте маңызды. Өз дауысымды мен бүгін бердім. Енді бүкіл халыққа айтарым, халықтың ойын білуге жасалған референдум ғой,

Тұрғындардың белсенділігі сағат 9, 10 –ның шамасында арта түсті. Түске дейін дауыс берушілердің шамамен жартысы өз таңдауларын жасап үлгерді. Красный Яр ауылында барлығы 9 мыңға жуық тұрғын референдумға қатысуға құқылы.

Жазира Мұқжанова, Референдум комиссиясының мүшесі:

7-ден бастап барлық халық белсенді. Өзінің отбасымен, бала-шағасымен, 18-ге толған балалар да келіп жатыр. Жұмыс өте жақсы жүріп жатыр. Және де, соған қоса, 54 жылжылмалы жәшік бар. Олар үй-үйге барып, үйдегілердің дауысын қабылдап жатыр.

Мамандардың айтуынша, референдум учаскелерінде ешқандай келеңсіз жағдай тілкелмеген. Саяси шараның барысын қоғамдық ұйымдардан келген байқаушылар бақылауда.

Самал Жұмағалиева, байқаушы:

Мен бүгін Красный Яр ауылының №2-інші учаскесіне байқаушы ретінде қатысып отырмын. Бүгінгі референдум заң талаптарына сәйкес өтіп жатыр. Ешқандай заңбұзушылық жоқ.

Дәл бүгін өңірдегі 600 ден астам ауыл-аймақта референдум өтіп жатыр. Ал жалпы Ақмола облысында 718 референдум учаскесі жұмыс істеуде. Барлығы 507 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасай алады.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу