100-ге келген кейуана мен елге белгілі тұлғалар. Өңірлерде саяси науқанның көрігі қызып жатыр. Мәселен, Атырау облысының өзінде-ақ тізімге енген тұрғындардың 37 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді.
Жүз жасты еңсерген шымкенттік Зара Ыбырайымқызы да референдумда өз таңдауын жасады. Кейуананың жүріп тұруы қиын болғандықтан комиссия мүшелері жылжымалы дауыс беру жәшігін үйіне алып келді. Қос ғасырдың куәгері, алдымен ел болашағын айқындайтын айтулы күнге орай көпшілікке ақ батасын берді.
Зара Ыбырайымқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:
Өзгеріс болғаны дұрыс емес пе» Халық үшін, ел үшін, жұрт үшін жақсылық болсын деп дауыс береміз. Халыққа жақсылық қылсын!
Атыраулық шаруа Владимир Розметов тарихи күннің маңызын жас ұрпақтың тереңірек түсінгенін қалайды. Сол үшін референдумға кішкентай қызымен келіп, өз таңдауын жасады. Ауыл шаруашылығында оң өзгерістер болады деген сенімде.
Владимир Розметов, шаруа:
Референдумның болғаны дұрыс болды. Қазақстанның әр гражданы өз пікірін өзі айтуы керек. Болашақтан сол көп үмітіміз бар.
Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те дауыс берді. Сыр күрішін алыс-жақын шетелге экспорттап, ауыл-аймақтың әлеуетін көтеріп отырған іскер азамат қаладағы №188 дауыс беру учаскесіне ұлымен бірге келді. Еңбекпен ер атанған тұлға Ата заңды қабылдауда халықтың таңдау жасау мүмкіндігіне ие болғаны дұрыс шешім деп санайды. Және ел азаматы ретінде өз таңдауын жасады.
Абзал Ералиев, Қазақстанның еңбек ері:
Елімізге үлкен пайдасы болатын болған соң, осы бүгін таңдауымызды жасап отырмыз. Еліміздің амандығын тілеймін, әрқашан аспанымыз ашық болсын, заманымыз тыныш болсын, еліміз аман болсын.
Атақты компазитор, Қазақстанның еңбек ері Ілия Жақанов үшін де тарихи күннің маңызы ерек. Ата заңның айбынын ұлықтап жүрген ұлт зиялысы, жарқын болашақ үшін дауыс бергенін айтады.
Ілия Жақанов, Қазақстанның еңбек ері:
Біз Ата заңымызды ерекше қасиеттеп сыйлайтын халықпыз. Осы Ата заңға байланысты өзгерістер еніп жатыр екен. Балаларымыз немере шөберелеріміз осы заңның шапағатын көрсе екен дейміз.
Жандос Темірғали