Қасым-Жомарт Тоқаев: Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн

05.06.2022

Қазақстандықтарды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін осылай деп мәлімдеді. Конституцияға өзгерістердің жалпыұлттық референдум арқылы енгізілу маңыздылығына тоқталды.

Оқушылар сарайы. 59-ыншы участок. Президент елмен бірге келіп өз таңдауын жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды алда үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын айтты. Халықтың басым көпшілігі референдумда жақтап дауыс берсе, іргелі істер қолға алынады. Атқарылатын шаруа өте көп. Бірнеше заң өзгереді. Алдымен мемлекет пен қоғам арасындағы қатынас жаңа рең алады. Адам құқықтары бірінші орынға шығады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл өте маңызды. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі мүлде жаңа мағынаға, жаңа форматқа ие болып отыр. Бұл орган да біз үшін жаңа.

Осыған дейін Ата заңға өзгерістерді Парламент қабылдап келсе, бұл жолы таңдауды халық жасап жатыр. Демек, мемлекеттің ең маңызды мәселелері халық талқысына шығарылып, ортақ шешім қабылдауға мүмкіндік берілді. Мұның бәрі ел дамуы үшін жасалған қадам. Сонымен қатар, Тоқаев қаралы қаңтар оқиғасына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Асима Нұрбайқызы, тілші: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде «Қасыретті қаңтардың» қайталанбау керектігін баса айтты. Бүгінгі референдумның өткізіліп жатқан себебі де осы. Алдағы уақытта елде саяси реформалар жалғасады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу