Шымкентте мектеп оқушылары арасындағы жастар лигасының ойындары аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мектеп оқушылары арасындағы жастар лигасының ойындары аяқталды

02.06.2022

Шымкентте мектеп оқушылары арасындағы жастар лигасының ойындары аяқталды. Үш айға созылған бәсекеде шәкірттер спорттың төрт түрі бойынша сайысып, алтын ұя мектебінің намысын қорғады. Оған 6 мыңға жуық оқушы қатысты.

Бұл жүзге тарта футбол командасы қатысқан спорт бәсекесінің финалдық ойыны. Кәсіби ойыншылар секілді доп тепкен оқушылардың ойынын тамашалуға көрермен де көп жиналды. Екі таймның қорындысы 3:1. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп гмназиясы биылғы жылдың чемпионы атанды.

Оқушылар футболдан бөлек волейбол, баскетбол және шахмат сайыстарына қатысты. Спорттық жарыстарға 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт маманы төрелік етті.

Мұхтар Айнақұл, №9 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы:

Бірінші сыныптан бері шахматпен айналысып келе жатырмын. Қасымдағы достарым да бұрыннан айналысады.Еңбегіміз ақталып, бірінші орынды мектебімізге алып бергенімізге қуаныштымыз.

Жастар лигасына екі жылдан бері тек кәсіпкерлер демеушілік жасап келеді. Биыл спорттық ойындарға 80 млн. теңге жүлде тігілді. Лиганың жабылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов жеңімпаз 4 команданың әрқайсысына 20 миллион теңге мен кубок табыс етті.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

Сыйақы сол мектептердің қажеттілігіне жарайды. Былтыр мәселен, түрлі пәндік кабинеттер, интерактивті тақталар алынды. Сондықтан да мектепаралық сайыс үлкен спорттық қозғалысқа айналады деп ойлаймыз.

Шымкент жастар лигасы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр оған 140 мектеп қатысқан болса, биыл олардың саны 151-ге жетті. Лига ойындары жас өрендерді жеңіске ұмтылдырып, табандылыққа баулыды. Ерік-жігерін шыңдай түсті.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу