Түркістан халықаралық деңгейде жүгіруден марафон өткізілетін орталыққа айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан халықаралық деңгейде жүгіруден марафон өткізілетін орталыққа айналады

02.06.2022

Түркістан тек түркі халықтарының рухани астанасы емес, халықаралық деңгейде жүгіруден марафон өткізілетін орталыққа айналады. "Туристерді көне шаһарға тартудың бір жолы - осы" дейді, дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері. Мәселен, 9-қазанда халықаралық деңгейде тағы бір марафон өткізілмек. Шараға дайындық осы кезден басталып кетті. Түркі тілдес елдердің спортшылары оған қызығушылық танытып, қатысуға өтінім беруде. Жалпы спорттық сайысқа бес мыңнан аса желаяқтар қатысады деп жоспарланған. Бұқаралық спортты дамыту мен Түркістанның туристік әлеуетінің артуына ықпал ететін әлемдік деңгейдегі жарыс, осымен екінші рет ұйымдастырылмақ. Бұған дейін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Түркістан – түркі елдерінің рухани астанасы» аталуына орай, халықаралық марафон өткен. Оған әлемнің 19 елінен үш мыңға жуық спортшы қатысқан еді.

Жазира Мүслімова, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

 Түркістанның брендіне айналған «Түркістан марафонына» дайындық жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда оған үлкен ірі спортшылар, жалпы спорт сүйер қауым қатысамыз деп тілек білдіруде. Тек қана Қазақстан емес, тек қана облыс емес, оған әлемнен спортшылар қатысуға ниет білдіріп отыр. Біз мына облыс әкімдігі, спорт басқармасы бірлесе отырып, ұйымдастырушылар, организаторлар бірлесе отырып, одан да жоғары дәріжеде ұйымдастырамыз деген үміттеміз.

Ғани Темірәліұлы, «Түркістан марафон» дирекциясының директоры:

Дайындық өте қызу басталып кетті. Биылғы марафонды басқаша форматта жасайын деп жатырмыз. Көптеген театрландырылған көрністер, біздің өзіміздің Түркістанның тарихи көрністерді көрсету басты жоспарымыз, басты мақсатымыз. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алып, Керуен сарайы нысанына дейін барлық қолөнер шеберлерінің, барлық тарихи ескерткіштерін көрсетіп, әлемге паш ету. Әлемнің назарын Түркістанға паш ету.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу